Қазақстандық жүргізушілер айыппұлдарға шағымданды: Министрлік мәлімдеме жасады

Ішкі істер министрлігі жүргізушілердің айыппұлдарға қатысты шағымдарына жауап беріп, азаматтарды жолдағы уақытша жылдамдық шектеулерін қатаң сақтауға шақырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана – Щучинск және Астана – Теміртау тасжолдарындағы жылдамдық шектеулерін сақтамағаны үшін келетін әкімшілік айыппұлдарға қатысты азаматтардан көптеген өтініш түскен.
“ІІМ тағы да еске салады: қала сыртындағы жолдарда орнатылған ақпараттық таблолар заңнама талаптарына сай толыққанды электрондық жол белгілеріне жатады. Атап айтқанда, оларда 3.24 "Ең жоғары жылдамдықты шектеу" белгісі көрсетіледі. Бұл таблолар ауа райы жағдайына – тұман, көктайғақ, қатты жаңбыр кезінде, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстары немесе жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда нақты уақыт режимінде өзекті жылдамдық шектеулерін көрсетеді”, – делінген хабарламада.
2026 жылы қазақстандық жүргізушілердің айыппұлы қанша болады
Министрлік өкілдері таблода көрсетілген талаптарды міндетті түрде сақтау қажеттігін алға тартты.
“Трассадағы негізгі ақпарат көзі – таблода көрсетілген жол белгілері екенін ескере отырып, оларды мұқият қадағалауды сұраймыз. Уақытша жылдамдық шектеулері барлық жол жүрісіне қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізіледі. Заң бұзушылықтар тәулік бойы және кез келген ауа райында жұмыс істейтін автоматты камералармен тіркеледі. Уақытша жылдамдық шектеулерін енгізудің басты мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. ІІМ барлық жүргізушіні жолда жол жүру қағидаларына жауапкершілікпен қарауға, ауа райы жағдайын ескеруге, жол белгілерін қадағалап, жол жағдайындағы өзгерістерге дер кезінде әрекет етуге шақырады. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз”, – деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор Ақтоты Боранова.
Еске салсақ, желіде алматылық "Алматы Паркинг" компаниясының енді жолда жүріп келе жатқан көліктерге тұрақ деп айыппұл салатынын көрсетіп сынға алған еді. Айтуынша жол ағымымен кептелісте келе жатқанында камер орнатылған компанияға тиесілі көлік суретке түсіріп, кейін төлем туралы шот жіберген.