Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жөндеуге ақша жоқ: Кәрім Мәсімовтың зәулім үй әлі бос тұр

Жөндеуге ақша жоқ: Кәрім Мәсімовтың жекежайы босап тұр Фото: ҰҚК

Қазақстанның бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің Астанадағы жекежайы балаларға арналған инклюзивті орталық ретінде пайдалануға жарамсыз болып шықты. Ғимарат басқа мемлекеттік заңды тұлғаның қарамағына беруі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2025 жылдың қыркүйегінде нысан Оқу-ағарту министрлігінің пайдалануына берілді. Жекежай “Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту ұлттық ғылыми-практикалық орталығы” Республикалық мемлекеттік мекемесінің қарамағында деп бекітілді.

Алайда министрліктің мәліметінше, ғимарат ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін ұйымдарға қойылатын санитарлық талаптарға сай келмейді. Онда күрделі жөндеу мен қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ қажетті материалдық-техникалық базамен жабдықтау қажет. Бірақ бұл мақсаттарға ведомство тарапынан қаржы қарастырылмаған.

“Сонымен қатар есту, көру, сөйлеу қабілетінде, тірек-қимыл аппаратында бұзылысы бар, психикалық дамуы кешеуілдеген, мінез-құлқында, қарым-қатынасы мен әлеуметтік өзара әрекеттесуінде, сондай-ақ зияткерлік дамуында кемістігі бар балалар үшін нысан аумағында қосымша ғимарат салу қажет. Өйткені ғимараттың қазіргі жағдайы балаларға қажет арнайы және қолайлы жағдайларды жасауға жарамайды. Алайда Оқу-ағарту министрлігінің бюджетінде күрделі жөндеу, қайта жаңғырту, сондай-ақ қосымша ғимарат салуға қаржы қарастырылмаған”, – делінген хабарламада.

Қазір Оқу-ағарту министрлігі мен мемлекеттік мүлікті басқару құзырлы органы үйді басқа мемлекеттік заңды тұлғаларға беру мәселесін қарастырып жатыр.



Айта кетейік, көктемде қайтарылған активтерді басқару компаниясы Астананың Нұра ауданында орналасқан үй Астана әкімдігінің меншігіне берілетінін хабарлаған еді. Алайда Астана қалалық білім басқармасын үйдің білім беру нысандары үшін белгіленген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай емес деп мәлімдеп, алудан бас тартты.

Еске салсақ, ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтен тәркіленген тұрғын үй алғаш рет 2025 жылдың ақпан айында сатуға шығарылып, 1 883 338 958 теңгеге деп бағаланған еді. Алайда үй аукционның бірінші сатылымында өтпей қалды. Жылжымайтын мүлік екінші рет наурыз айында сатуға шығарылып, тағы да сатылмай қалды. Элиталық үй сәуір айында тағы да сатылымға шығарылып, құны 282 500 843 теңгеге ғана арзандап, бастапқы баға – 1 600 838 115 теңге болып бекітілгені туралы жазған едік.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 09 Ақпан, 2026 16:52