Жанкүйерлер үшін күтпеген шешім: Ғалымжан Кенжебек "Елімай" клубымен қош айтысты

Тараз футбол мектебінің түлегі Ғалымжан Кенжебек мансабын Ресей Премьер-лигасында жалғастыруға жақын. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Ол Станислав Черчесов баптайтын "Ахмат" клубына ауысуы мүмкін. Айта кету керек, бұл командада қазақстандық футболшы Максим Самородов та өнер көрсетіп жүр.
Семейлік "Елімай" футбол клубы шабуылшымен арадағы келісімнің тоқтатылғанын әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялады.
Клуб таратқан ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың маусым айында команда қатарына қосылған Ғалымжан Кенжебек екі тараптың ортақ шешімімен "Елімайдағы" мансабын аяқтады.
"Елімай" сапына 2025 жылы маусымның ортасында қосылған отандық ойыншымыз Тараз футболының түлегі Ғалымжан Кенжебек екі жақты келісім бойынша Семейлік ұжымдағы мансабын аяқтады. Осы маусымда Елімай сапында 11 ойын өткізіп 6 гол соғып, 3 нәтижелі пас берді. Ұлттық құрама сапын толықтырып, әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде дубль авторы атанды. Қазақ футболының дамуына өзіндік үлес қоса беруін тілейміз! Сәттілік Ғалымжан!", – делінген клуб ақпаратында.
Ғалымжан Кенжебек жазда ҚПЛ-ға оралып, Елімай клубымен келісімшартқа қол қойған еді. Семейлік команда сапында ол шабуылдағы негізгі ойыншылардың біріне айналып, клубтың чемпионатты төртінші орынмен аяқтауына үлес қосты. Бұл нәтиже "Елімайға" Конференциялар лигасының іріктеу кезеңіне жолдама сыйлады.
Қазақстандық екі боксшы әлемнің үздік спортшысы атағын жеңіп алды

