Жағдайы өте ауыр: СҚО-да 10-сынып оқушысы мектеп дәретханасында сірке суын ішіп қойған

СҚО-да оқушы қыз мектепте сірке суын ішіп, өз-өзіне қол салмақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
16 жастағы жасөспірім дәретхананың есігін жауып алып, бір бөтелке сірке суын ішіп қойған. Ол хат жазып қалдырған көрінеді. Ішкі ағзалары күйіп қалған науқас санавиациамен ауданнан облыс орталығына жеткізілді. 10-сынып оқитын қыздың сұмдық қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
Оқиға Гусаковка ауылында болған. Мұғалімдердің айтуынша, оқушы бірінші сабақтан кейін дәретханаға сұранып, кабинетке қайта оралмапты. Оқушының жоғалып кеткеніне алаңдаған ұстаздар қызды дәретханадан ес-түссіз күйде тауыпты.
“Бірден жедел жәрдем шақырылды. Мектепте оқушымызға жағымды мінездеме беріледі. Ешкіммен ешқандай жанжалдарға қатыспаған. Оқушылармен де, мұғалімдермен де жақсы қарым-қатынаста болған. Оқиғадан соң бірден мектепке психологиялық орталығы мамандарынан құралған мобильді топ жіберілді”, – дейді СҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.
Ішкі ағзалары күйіп қалған науқасты санитарлық авиация мамандары облыстық ауруханаға тікұшақпен алып барған. Жағдайы өте ауыр дейді дәрігерлер.
“Қазір науқастың жағдайы ауыр деп бағалануда. Өте ауыр жағдайы. Нақты бір шешімдер айтуға, нақты болжам жасауға әлі ерте. Барлық көмек көрсетілуде. Жансақтау бөліміне жатқызылды”, – деді СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
Полицияның мәліметінше, жасөспірім ешқандай есепте тұрмаған. Ерсі әрекетімен де көзге түспеген. Жасөспірім анасы және өгей әкесімен бірге тұрған екен.
“Аталған факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Қазір болған оқиғаны жан-жақты әрі объктивті анықтауға қажет тергеу әрекеттері жүзеге асып жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр” – деді СҚО полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Азат Құсайынов.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы QSI жекеменшік мектебінде оқушы өзіне қол жұмасамақ болғаны туралы жазған едік.
Астанада 55 жастағы ер адам ауыр халдегі анасын тұншықтырып өлтірген