Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төсбелгі сатып алмақ болған қазақстандық мұғалімдер алаяққа алданып қалды

Төсбелгі сатып алмақ болған қазақстандық мұғалімдер алаяққа алданып қалдыФото: Видеодан скрин

Алматы облысының мұғалімдері “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісі үшін алаяққа алданып қалған. Педагогтың  әрқайсысы алаяққа мың доллар ақшаны санап берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Kozachkov offside” Telegram арнасының мәліметінше, 49 жастағы Оксана Жирнова Алматы облысының мұғалімдеріне “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісін сатқан. Ол ғылыми ортада танымал, әлеуметтік желіде оның Satbayev University-де философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін диссертациясын қорғаған видеосы бар. Сондай-ақ ол “Халықаралық информатизация академиясында” ұзақ уақыт жұмыс істеген.

Алайда 2024 жылы Жирнова мекемеден кеткен соң “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісін сатумен айналысқан. Ол мектептегі таныстарына төсбелігіні заңды түрде сатып алуға болатынын айтқан. Сөйтіп оны 450 мың теңгеге саудалаған.

Оның сөзіне сенген 8 мұғалім әр қайсысы Оксанаға 1000 доллар аударған. 

Алайда Оксана Жирнова “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісін алуға көмектесе алмаған, ал бір топ мұғалім полицияға арыз түсіруге мәжбүр болды. Бірақ жәбірленушілер пара бергенін жасырып қалу үшін бір ауыздан тек төсбелгінің шығарылуына ғана ақша бергенін айтқан.

Десе де Жирнова ұсталып, алаяқтық жасады деп айыпталды және биыл қыркүйекте қамауға алынды. Қазан айында оның ісі сотқа жіберілді. Бірақ ол жәбірленушілермен азаматтық-құқықтық қатынаста болғанын айтып, өз кінәсін мойындаудан бас тартты.

Сот төрешісі Дастан Әлмағамбетов Жирнованың алаяқтық әрекеті дәлелденді деп есептеді. Ол амнистияны ескере отырып, айыпталушыға қауіпсіздігі орта колонияда 2 жыл 4 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ сотталушы жәбірленушілерге 3,6 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін желіде төсбелгілердің 350 мың теңгеден сатылып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 29 Желтоқсан, 2025 12:17