Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Польшада жоғалған қазақстандық әйелдің әпкесі Қазақстанның Бас прокурорынан көмек сұрады

Екатерина Шилова Польшада жұмбақ жағдайда жоғалып кеттіФото: facebook.com/susanna.suhoterina

Польшада жұмбақ жағдайда жоғалған қазақстандық Екатерина Шилованың әпкесі Қазақстанның Бас прокурорына жүгініп, әйелді іздеуге көмектесуді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ирина Геберттің айтуынша, Екатерина Шилова Варшавадан Астанаға ұшуға тиіс болған, алайда ұшаққа мінбеген. Ол 2026 жылғы 19 ақпаннан бері туыстарымен байланысқа шықпаған.

“Ұшар алдында әпкем маған қоңырау шалып, 19 ақпанда үйде күтіңдер деді. Бірақ, өкінішке қарай, ұшақ Алматыға аман-есен қонғанын, ал менің әпкем Шилова Екатеринаның бортта болмағанын білдік. Біз қатты алаңдай бастадық. Кейін оның нөмірінен ата-анама Германияда жұмыс ұсынылғандықтан, елге қайтудан бас тартқаны туралы хабарлама келді. Бұл оған мүлде тән емес еді. Біз оған қоңырау шала бастадық, бірақ Екатеринамен байланыс үзілді. Біз дабыл қағып, жан-жаққа хабарласа бастадық. Өкінішке қарай, оның телефондары өшірулі”, – деді Ирина Геберт.

Ол Бас прокурордан бұл істі жеке бақылауға алуды сұрады.

“Құрметті Бас прокурор, жағдайға араласып, әпкемізді табуға көмектесуіңізді сұраймын”, – деді ол.

Сондай-ақ Ирина Геберт құқық қорғау органдарынан Екатерина Шилованың жоғалу жағдайларын жан-жақты тексеруді өтінді.

Еске салайық, бұған дейін Польшада қазақстандық әйел күмәнді хабарлама жазып, кейін хабар-ошарсыз кеткені хабарланған еді.

Ақпаратқа сәйкес, Екатерина екі жыл бұрын Талдықорғандағы агент арқылы Польшаға жұмыс істеуге кеткен. Варшавада кір жуушы болып жұмыс істеген. Кейінгі жарты жылда ол Украинадан келген ерлі-зайыптының үйінде тұрып, солардан бөлме жалдап тұрған.

Әйел Қазақстанда қайтуды жоспарлап, әпкесіне 18 ақпанда оны әуежайға үй иесінің күйеуі апаратынын айтқан. Сол күні кешке ол соңғы хабарламасын – ұшар алдында жүк салмағын өлшеп, артық салмақ болмасын деп дүкенге түсіп бара жатқанын жазған. Осыдан кейін байланысқа шықпаған.

Жоғалған күні Екатерина тапқан қаражатын Қазақстанға алып қайтпақ болғаны да хабарланды.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 27 Ақпан, 2026 19:38