Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ тіліне қатысты жазған пікірімізді өшіріп, бұғаттайды": Қазақстандықтар 2GIS-ке жаппай шағымданып, бойкот жариялап жатыр

2гис пікірлер Фото: Stan.kz

Threads әлеуметтік желісінде қазақстандықтар 2GIS платформасына жаппай наразылық білдіріп жатыр. Олардың айтуынша, мекемелер туралы қалдырған пікірлері өшіріліп жатыр немесе "расталмаған пікір" мәртебесіне түсіп, бизнес рейтингiне әсер етпей қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көпшілік платформаны бойкоттауға үндеп отыр. Мәселе, әсіресе, Gusto мейрамханасы туралы пікірлер жарияланғаннан кейін ушыққан. Онда қазақстандық Threads-та Алматыдағы Шымбұлақ тау курортындағы Gusto кафесінде қызметкердің оны мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартқанына шағымданған еді. 

"Gusto мен 2GIS туралы бір ғана пікір жазғанымнан кейін, платформа менің барлық пікірлерімді өшіре бастады. Ол пікірлердің бәрі нақты барған орындарым туралы, оң да, теріс те бағалар еді. Бұл жағдайды түсініп, 2GIS-тің заңсыз әрекеттері үшін сотқа бергім келеді", – деп жазды қолданушы Диас.

Фото: Қолданушы Диастың жазбасынан скрин 

"Пікір қалдырасың, бірақ ол көлеңкелі режимде бір айдай тұрады да, кейін өшіріледі. Тіпті рейтингке де әсер етпейді", "2GIS мені дерлік бұғаттады, барлық пікірлерімді өшіріп жатыр”, "Бойкот! Google Maps-ке көшейік", – деп оқырмандар пікір білдірген.

Кейбір қолданушылар қосымшаның пікірлерге қатысты саясатын сынға алды. Олардың айтуынша, теріс пікірлер "сенімсіз" деп өшіріледі, ал жалған түрде жоғары баға қойып, мақтау пікір жазатындар еш кедергісіз қала береді.

"2GIS менің барлық пікірлерімді өшіре бастады. Шамасы, қазір қазақ тілінде пікір жазатындарға қарсы бір "акция" жүріп жатқан сияқты. Бізге өзіміздің ұлттық картамыз (мэп) керек", "2GIS – екіжүзділер. 1 жұлдыз қойсаң сол жерде клиент болғаныңды дәлелдеу керексің. 5 жұлдыз қойсаң ештеңе керек емес", – деп ашуланды оқырмандар.

Фото: Қолданушылардан жазбасынан скрин

Сондай-ақ тағы басқалары 2GIS -те рейтингтердің оңай қолдан жасалатынын, жалған пікірлердің көп екенін атап өтті. Бірнеше адам жақсы рейтингке сеніп барған мекемелерінің сапасы көңілден шықпағанын жазды.

Бұған байланысты редакция 2GIS компаниясына сауал жолдады. Компания өкілдері қосымшада пікір қалдыру мүмкіндігі шектелді деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтады.

"Пайдаланушылар бұрынғыдай кез келген тілде мекемелер мен ұйымдарға барғаннан кейінгі әсері туралы, көрсетілген қызмет сапасы жөнінде өз пікірлерін жаза алады. Көрсетілген қызмет сапасы туралы әдепке сай емес, балағаттау сынды пікірлер жазылған тіліне қарамастан модерация арқылы жойылады. Қандай да бір ұйым немесе орын жөнінде пікірлер әдеттен тыс белсенді жазылған жағдайда, жаңа пікірлер уақытша қосымша тексеруге жіберіледі. Тексеруден кейін нақты тұтынушының тәжірибесі бойынша расталған пікірлер басты бетке қайта шығарылады", – деп жауап берді 2GIS-тің өкілі Наталья Тютюникова.

Айта кетейік, 2GIS – Ресейдегі төрт ірі навигациялық сервисінің бірі. 1999 жылы Александр Сысоев пен Марина Сысоева құрған "Дубльгис" 2011 жылы 2GIS деп қайта аталды. Қызмет карталар, бағыттау және мекенжай іздеуді ұсынады.

2025 жылы Сысоев күтпеген жерден өз үлесін сатқан соң компаниядан толық шығып, миллиардтаған рубльге байыды. Қазіргі кезде бақылаушы пакет Сбербанкқа тиесілі, ал қалған үлестер негізін қалаушылар мен менеджмент арасында бөлінген. 2GIS-тің меншік құрылымы мен құпиялығы заңмен қорғалған.

Қазақстанда 2GIS алғаш рет 2012 жылы Алматыда пайда болды. Кейін сервис Қарағанды, Теміртау, Өскемен қалаларына кеңейіп, 2015 жылдың тамызында Астанаға жетті. Сол жылдың 1 қазанында 2GIS Павлодар тұрғындары үшін қолжетімді болды. Павлодардағы сервис қала мен оның айналасындағы 30-дан астам елді мекенді, соның ішінде Ақсу қаласын қамтиды. Пайдаланушылар 3D-карталар арқылы ұйымдарды таба алады, маршрут құра алады және жеке көлік пен қоғамдық көлікте жүруді жоспарлай алады. Павлодар офисінің қызметкерлері компаниялар туралы жаңартылған мәліметтер жинап, қалалық көліктің 50-ге жуық маршрутын қамтиды, оның ішінде автобус, трамвай және маршруттық таксилер бар. Қызмет картаны үнемі жаңартып отырады. Киосктар, ішкі проездер көрсетіледі, ал болашақта заборлар, ұйымдарға кіреберістер, орташа чек, бизнес-ланч және Wi-Fi сияқты ақпараттар да қосылуы жоспарланған.

2GIS жаңартулары тегін, қосымшалар ай сайын жаңартылады, онлайн-нұсқасы автоматты түрде жаңартылады. Қызмет 2gis.kz сайтында, iOS, Android, Windows Phone, Blackberry смартфондарында және Windows жүйесіндегі компьютерлерде қолжетімді, қосымшалар интернетке қосылмай да жұмыс істей алады. Қазіргі кезде 2GIS 8 елде 280-ден астам қаланы қамтиды.

Айым Атамбаева
Жұма, 26 Желтоқсан, 2025 12:23