Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі ер адамды өлтірді деген күдікке ілінген әйел желі жұлдызына айналды

Фото: instagram.com/h_svms/

Оңтүстік Кореяда екі ер адамды сусынға есірткі қосып өлтірді деп айыпталған әйелге тиесілі делінген Instagram парақшасы туралы ақпарат тарағаннан кейін, оған 11 мыңнан астам жаңа жазылушы қосылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

19 ақпанда кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және Оңтүстік Кореяның есірткі құралдарын бақылау туралы заңын бұзу баптары бойынша прокуратураға тапсырылған әйелдің тегі Ким екені ғана белгілі. Ол шамамен 20 жаста. 

Полиция оның жеке басын жария етуден бас тартты.

Сеулдегі Канбук полиция бөлімінің тергеушілері Кимнің аты-жөнін, жасын және фотосын көпшілікке жарияламау туралы шешім қабылдаған.

Оңтүстік Кореядағы аса ауыр қылмыс жасады деген нақты күдіктілердің жеке мәліметтерін жариялау туралы заңға сәйкес, билік мұндай ақпаратты тек қатаң құқықтық талаптар сақталған жағдайда ғана аша алады. Оның ішінде, егер мәліметті жариялау қоғамдық мүддеге сай келсе немесе келесі қылмыстың алдын алуға көмектессе ғана рұқсат етіледі.

The Korea Herald басылымының мәліметінше, полиция бұл іс күдіктінің деректерін қоғамға жариялау мәселесін қарайтын комитетті шақыру үшін қажет талаптарға сәйкес келмейді деген қорытындыға келген. Алайда осы шешімнен кейін көп ұзамай онлайн қауымдастықтарда күдіктінің жеке басы анықталды деген жазбалар тарай бастаған. Кейін желіде Кимге тиесілі ықтимал Instagram парақшасы жарияланған.

Оның аты-жөні, жасы, фотосы және білімі туралы мәліметтер бар делінген кең таралған жазбалардың бірі бірнеше күн ішінде ондаған мың қаралым жинаған.

Korea Herald басылымы күдіктіге тиесілі болуы мүмкін фотолардың бірі оның екінші құрбаны қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай жарияланғанын да хабарлады.

Оның жазылушыларының саны 10 күн ішінде шамамен 200-ден 10 000-ға жуық адамға дейін өскен. Қазір оның парақшасында шамамен 11 700 жазылушы бар.

“Канбук мотеліндегі” адам өлімі

Кимге 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы ақпанның басына дейін үш рет бензодиазепин негізіндегі тыныштандыратын дәрілерді сусынға қосып, оларды жасы 20-лар шамасындағы үш ер адамға берген деген айып тағылып отыр.

Полицияның деректеріне сүйенсек, алғашқы оқиға былтыр 14 желтоқсанда Кёнги провинциясындағы Намьянджу қаласындағы дәмханада болған. Онда күдікті кездесіп жүрген делінетін ер адамға есірткі аралас сусын берген. Ол екі күнге есінен танып қалған, бірақ кейін есін жиған.

Тағы екі оқиға 28 қаңтар мен 9 ақпанда Сеулдің Канбук ауданындағы мотельдерде болған деген болжам бар. Бұл істерге қатысы бар екі ер адам да қайтыс болған.

Тергеушілер сондай-ақ күдіктінің оқиғалар алдында ChatGPT-ден ұйықтататын дәрілерді алкогольмен араластыру және өлімге әкеп соғуы мүмкін дозалар туралы ақпарат іздегенінің дәлелдерін тапқан.  Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Ким бұл заттарды жанжалдасқаннан кейін ер адамдар ұйықтап қалуы үшін бергенін айтқан.

Instagram-дағы жазбалар теріс пікір де, мақтау да туғызды

Күдіктіге тиесілі болуы мүмкін парақша интернеттен анықталғаннан кейін, оның жазбаларына мыңдаған пікір жазылған. Көпшілік оның болжамды қылмыстарын айыптағанымен, кейбіреулер жанашырлық білдіріп, тіпті таңданысын жасырмаған.

The Chosun Daily газеті пікірлер арасында оның сырт келбетіне қатысты ескертпелер, “кінәлі болу үшін тым сұлу” деген пікірлер, жазаны жеңілдетуге шақырулар, тіпті сотта қолдау білдіретінін айтқан жазбалар да болғанын да жазды. Алайда өзге қолданушылар мұндай реакция айыптың ауырлығын төмендетіп көрсетіп, құрбандардың отбасына қосымша моральдық зиян келтіруі мүмкін екенін ескертіп, мұндай орынсыз пікірлерді айыптаған.

Жуырдағы ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесі кезінде Оңтүстік Корея полициясы психопатияға қатысты сараптама тағайындаған.

Нәтижелері жақын күндері жарияланады деп күтіледі. Іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 27 Ақпан, 2026 20:04