Оқушы қыз буллингтен кейін өзіне қол салмақ болған: Алматыдағы элиталық мектеп жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

Алматыдағы QSI халықаралық мектебі оқушы қыздың мектептегі буллингтен кейін өзіне қол салмақ болғаны туралы ақпаратқа қатысты алғаш рет түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін қазақстандық кәсіпкер Қанат Амиркин Алматыдағы QSI халықаралық мектепте буллингтің салдарынан қызының өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы жазған еді. Кәсіпкер мектеп басшылығын балалар арасындағы буллинг туралы білсе де, оған көз жұмды деп айыптады.
Мектеп өкілдері аталмыш оқиғаға қатысты мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары және оқу орнының басшылығы тексеріс жүргізгенін атап өтті.
“Жүргізілген барлық тексерулердің қорытындысы бойынша буллинг фактісі расталған жоқ және сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды”, – делінген мектеп әкімшілігінің Tengrinews.kz басылымына берген жауабында.
Жағдайы өте ауыр: СҚО-да 10-сынып оқушысы мектеп дәретханасында сірке суын ішіп қойған
2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды
Мектеп өкілдері өзіне қол салмақ болып, ауруханаға түскен оқушыны назардан тыс қалдырмай, дәрігерлермен және анасымен тұрақты байланыста болғанын атап өтті. Мектеп мәліметінше, қазір оқушы ауруханадан үйіне шығарылған.
“Мектеп әрбір оқушының қауіпсіздігіне, психологиялық жағдайына және мүдделерін қорғауға қатысты барлық мәселелерде байыпты, мұқият әрі кәсіби ұстанымынан айнымайды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп ғимаратында және аумағының периметрі бойынша 140-тан астам бейнебақылау камерасы орнатылған”, – делінген жауапта.
Еске салсақ, бұған дейін жылдық ақысы 25 мың доллар болатын алматылық мектепте буллингке ұшырады делінген оқушы қыз суицид жасамақ болғаны туралы жазған едік. Полиция оқушыға қысым көрсетілді деген хабарламалардан кейін қозғаған қылмыстық іс қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылғанын хабарлады.