Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтарға жер сілкінісінен қорғайтын арнайы "қауіпсіздік торы" ұсынылды

Фото: Stan.kz / Сергей Старков және Мэлс Елеусізов

Алматыда жер сілкінісі қаупі күшейген сайын қаладағы құрылыс мәселесі қайтадан қызу талқылана бастады. Сарапшылар мегаполисте 27 тектоникалық жарық бар екенін айтып, кей аймақтарда құрылысқа шектеу қою қажет екенін ескертуде. Ал инженерлер тұрғындарды жер сілкінісі кезінде аман алып қалуы мүмкін арнайы қорғаныш модульдерін ұсынды. Бұл мәселе Алматыда өткен баспасөз конференциясында айтылды. Жиынға Stan.kz тілшісі қатысып қайтты.

“Төбеден құлайтын өте үлкен салмаққа төтеп бере алады”

Алматыда жоғары сейсмикалық аймақта құрылыс салу мәселесіне арналған баспасөз конференциясында инженер-сынақшы Сергей Старков жер сілкінісі кезінде адам өмірін сақтауға арналған арнайы қорғаныш модуль ұсынды. Оның айтуынша, құрылғы пәтер ішінде орнатылатын берік металл конструкциядан тұрады. Модуль бірнеше секундтың ішінде паналауға мүмкіндік береді және көпқабатты үй құлаған жағдайда да адамды басып қалудан қорғауға есептелген.

"Ол қалың қабырғалы, тігіссіз металл құбырлардан жасалған арнайы модуль. Осылайша, модуль төбеден құлайтын өте үлкен салмаққа төтеп бере алады. Біз конструкцияны 200 тоннадан астам вертикалды жүктемеге есептеп жасадық. Яғни көпқабатты үйдің бірнеше қабаты құлаған жағдайда да модуль адамды басып қалмауы керек", – дейді инженер-сынақшы Сергей Старков.

Фото: Stan.kz | Cергей Старковтың жеке архивінен

Сергей  Старковтың айтуынша, құрылғының көлемі шамамен лифт кабинасындай болады және оған бір отбасы сыя алады.

"Модульдің көлемі шамамен лифт кабинасындай. Оның ішіне екі-үш адам, тіпті балаларымен бірге төрт адам да сыя алады. Жер сілкінісі басталғанда адам 5-6 секундтың ішінде модульге кіріп үлгерсе жеткілікті. Әдетте алғашқы толқын әлсіз болады, ал бірнеше секундтан кейін ғимараттарды құлататын күшті толқын келеді. Сол қысқа уақыт ішінде қауіпсіз жерге кіріп үлгеруге болады", – дейді ол.

Инженердің айтуынша, модульдің ішінде төтенше жағдайға арналған шағын қор да болуы керек.

"Ол кәдімгі шкаф сияқты болады. Оның ішінде кемінде бес күнге жететін су, азық-түлік, шам және ең қажетті заттар болуы тиіс. Көп адам “тревожный чемодан” дайындау керек дейді, бірақ жер сілкінісі кезінде адамдар чемоданды алып жүруге үлгермейді. Ал мұнда бәрі дайын тұрады", – дейді Сергей Старков.

Фото: Stan.kz | Cергей Старковтың жеке архивінен

Маман осы жобамен ұзақ жылдан бері айналысып келе жатқанын айтады.

"Менің мамандығым инженер-сынақшы, әрі конструктормын. Идеямен шамамен 20 жылдан бері айналысып келемін. 2024 жылы патент алдым. Әдетте жер сілкінісінен кейін адамдар қатты қызығады, бірнеше күн өткен соң бәрін ұмытып кетеді. Бірақ қауіп әрқашан бар, сондықтан мұндай қорғаныш жүйелері қажет деп есептеймін", – дейді ол.

“Қала тұрғындарының қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін”

Экобелсенді Мэлс Елеусізов Алматы Қазақстандағы ең сейсмикалық қауіпті қалалардың бірі болғанына қарамастан кейінгі жылдары мегаполисте көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алып отырғанына алаңдаулы. Ол мұндай үрдіс қала тұрғындарының қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін айтты. Конференциясында ол қалада биік үйлер салуды шектеу қажет екенін мәлімдеді. 

"Мұнда 5 қабаттан жоғары тұрғын үй салуға болмайды деп есептеймін. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек. Алматыдағы көптеген аудандар тау бөктерінде орналасқан. Мұндай жерлерде жер сілкінісінің әсері күштірек сезілуі мүмкін", – дейді Мэлс Елеусізов.

Мамандардың дерегінше, мегаполис аумағын ондаған тектоникалық жарық кесіп өтеді. Қоғам белсендісі Мэлс Елеусізов мұндай жағдайда қаладағы құрылыс мәселесіне аса сақтықпен қарау қажет екенін айтады.

"Тектоникалық жарықтар уақыт өте өзгеруі мүмкін. Бірде олар ұлғайып, тереңдеп, кеңейеді. Мұның бәрі жер қыртысындағы динамикалық процестермен байланысты. Жарықтар тектоникалық плиталар қозғалысқа түсетін аймақтарда пайда болады. Жер сілкінісі кезінде жарықтардың ұзындығы да, тереңдігі де ұлғаюы мүмкін, кей жағдайда жаңа тармақтар пайда болады немесе басқа жарықтармен қосылуы ықтимал. Өйткені бұл жарықтар кез келген уақытта сейсмикалық белсенділік көрсетуі мүмкін", – дейді Мэлс Елеусізов.

Фото: Stan.kz | Мэлс Елеусізов

Экобелсендінің айтуынша, Алматының көп бөлігі 9-10 балдық сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Алмалы мен Әуезов аудандарының өзі салыстырмалы түрде 9 балдық аймақта орналасқан дейді ол.

"Әсіресе, осы аудандарда күшті жер сілкінісі болған жағдайда тәуекел жоғары. Сондықтан қалада құрылыс салғанда ең алдымен қауіпсіздік мәселесі ескерілуі тиіс. Егер ғимарат талаптарға сай салынса, онда қауіп жоқ. Ал егер ғимарат құлайтын болса, онда барлық қабат бірдей қауіпті. Алайда қазір қаланың бас жоспары екінің бірінің қолында кетті", – дейді Мэлс Елеусізов.

Айта кетейік, бұған дейін де президент Алматының жоғарғы бөлігінде тұрғын үй құрылысын шектеу қажеттігін бірнеше рет көтерген еді. Енді қаланың тау бөктеріндегі аймақтарында нүктелік және кешенді тұрғын үй құрылысына толықтай тыйым салынады. Тек әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, мектептер, ауруханалар және басқа да қоғамдық маңызы бар ғимараттарға ғана рұқсат беріледі. Ал туристік нысандардың құрылысына тек қолданыстағы бас жоспарға енгізілген жағдайда ғана рұқсат беріледі. Президент Алматы қаласының Бас жоспарына өзгерістер енгізіп, шектеулерді заңнамалық деңгейде бекітуді тапсырған еді.

Айым Атамбаева
Жұма, 06 Наурыз, 2026 19:58