Жас отбасы қаладағы жайлы өмірін тастап, Алматыдан 600 шақырым жерде орналасқан ауылға көшкен

Желіде қаладағы жайлы жұмысы мен баспанасын тастап, Алматыдан 600 шақырым қашықтықта орналасқан ауылға екі баласымен көшкен 25 жастағы ерлі-зайыптының оқиғасы қызу талқыланып жатыр. Ауылдың шамамен 1000 шақты тұрғыны, бар болғаны 8 дүкені бар екен. Ал ол елдімекенде отбасының бірде-бір туысы жоқ көрінеді. Stan.kz ауылға қоныс аударған Гауһар Әубәкіровамен сұхбаттасып, неліктен мұндай шешім қабылдағанын және бірнеше ай ішінде өмірлері қалай өзгені жайлы білді.
Гауһар Әубәкірова Алматыда, ал жолдасы Рустам Петропавлда туып-өскен. Гауһардың айтуынша, ол өмір бойы қалада тұрған, ешқашан ауылда тұрамын деген ойы да болмапты.
“Ауылға тек туыстарымызға қонақ болып бармасақ, тұрып көру тәжірибесі болмаған екен, соның өзінде ол кісілер қонақсың деп үйдің тірлігіне аса араластырмаған”, – дейді ол.
Отбасы қазір Алматыдан 600 шақырым жерде орналасқан Жетісу облысы, Алакөл ауданының “Екінші Швейцариясы” атанған Жыланды ауылында тұрады. Олар мұнда екі баласымен көшкен, тұңғыш қызы 4 жаста, ұлы 2,5 жасар. Ауылға көшіп келгеннен кейін кенже ұлын босанған, ол бүгінде 3 айлық.
2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды
Кейіпкеріміз жолдасымен 2019 жылы жоба аясында танысқан, екеуі де білім саласында қызмет атқарған. Гауһар білім ордасында ұйымдастырушы болса, ал Рустам балалар мен жасөспірімдердің дамуы бойынша тренер: сенімділікке, көшбасшылыққа, командада жұмыс істеуге үйретеді және телефонға тәуелділікпен күресуге көмектеседі. Екеуі бірігіп жазда лагерь ұйымдастырған.
Фото: Жеке архив
Ауылға көшуге не түрткі болды?
Гауһар мен отбасы Алматыда жалдамалы пәтерде тұрған.
Былтыр жазда Рустам жұмыс бабымен Жетісу облысындағы ауылдың біріне барған. Бір жағынан ауылдың табиғатына ғашық болса, екінші жағынан жергілікті “ауыл жанашырларымен“ танысып, өмірлік миссиясы мен мақсаттары ортақ екенін түсінеді. Осылайша, ол 8 жыл бойы жиналған тәжірибесін сонда дамытуға бел буады.
“Ең алғашқы рет ауылға көшу туралы ойын сол кезде бөлісті. Өмір бойы қалада тұрған, ауыл өмірінің қыр-сырын білмейтін мен үшін тіпті бұл туралы ойланып көрудің өзі қорқынышты болды. Екі кішкентай баламыз, аяғы ауыр менің көшуім, босануым қалай болады деген ойлар күнделікті мазалады”, – дейді Гауһар.
Бір айдан кейін екеу ауылды отбасымен көріп, танысып қайтуды шешкен. Дәл сол уақытта ауылда болашақ инженерлерге арналған фестиваль өтіп жатқан. Онда еліміздің беделді университеттерінен, мықты лицейлерден шыққан жастар өздерінің қолдан жасаған болидтерімен (жарыс машинасы) жарысқа түседі.
Осы сәтті көрген ерлі-зайыпты ауылға көшуге нақты шешім қабылдайды.
“Мұндай ауқымды республика көлеміндегі іс-шараның мыңға жуық тұрғыны бар жай ғана ауылда өтіп жатқаны бізді таңғалдырды. Әрине, мұның бәрін көре тұра жақсылыққа жаны құмар, дамуды қалайтын ортаға көшуге келістім”, – деді ол.
Гауһардың сөзінше, олар кейінгі сегіз жыл бойы тек қалалық жасөспірімдермен жұмыс істеген. Ауылға көшуге шешім қабылдаған кезде жиналған тәжірибені ауыл жастарымен бөлісуге ниет еткен.
Фото: Жеке архив
“Барлық жиған-тергенімізбен көштік”
Ол балалармен көшу еш қиындық тудырмағанын айтады. Өйткені олар ауылға алдын ала екі рет барып, танысып қайтқан. Екі сапарда да балалар ауылды қатты ұнатыпты.
“Қоршаған орта, еркіндік, жануарлар, таза қазақтілді орта оларға жақты. Біз балаларымызбен тек қазақ тілінде сөйлесеміз, қалада бір-бірін қатты түсініп, бірге ойнайтын балалар көп болмады. Ал бұл жақта өздерін өте жайлы сезінеді”, – дейді ана.
Гауһар қаланың у-шуы, кептеліс, көлік қалдыратын орынның тапшылығы секілді күйзеліс тудыратын жағдайлардың жоғалып, табиғатқа жақын болу көңіл тыныштығын сыйлағанын айтты. Соның арқасында жаңа отбасылық дәстүрлері пайда болған.
Бала тәрбиесіне деген көзқарастары да тұрақталған.
“Балалардың үй шаруасына белсенді араласуы арқылы физикалық еңбектің олардың тұлға болып қалыптасуына оң әсер ететінін тәжірибе жүзінде көріп отырмыз. Бұл – баланы жай ғана қара жұмысқа салу емес, жауапкершілік алып, іске араласуының нәтижесінде ойлау қабілеті мен мінезін шыңдау, бойындағы табандылықты қалыптастыру және қателесуден қорықпауға үйрету”, – дейді ол.
Фото: Жеке архив
Отбасыға біршама уақыт бұрын жергілікті меценат шақырған ұстаздарға арнап салынған 10 үйдің бірі берілген.
“Жарты жыл ішінде орнығып алдық, қаладағы бүкіл дүниемізбен, жиған жиһаз-техникамызбен осындамыз. Өзімізге ауыл өмірі ұнап жатыр. Біз негізі бұл жаққа бір бағдарлама аясында, я жайдан-жай келе салмадық. Ортақ мақсаты бар, мүдделес жандардан шақырту алып, олардың қолдауымен ауылды дамытып жатырмыз”, – деді ол.
Кейіпкеріміз қазір декреттік демалыста, ал жары дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта тренерлік қызмет атқарады. Оқушылар, мұғалімдер, ата-аналарға арналған көшбасшылық, өз-өзіне деген сенімділікті арттыру, командалық жұмысты меңгеру сияқты тақырыпта практикалық білім береді.
Жас ана Жыландыға отбасымен ғана емес, мақсаттас екі маманмен бірге көшіп келген.
“Командамыздағы екі жалындап тұрған, көзінде оты бар, балалар және жасөспірімдермен жұмыс істеудің мамандары келді. Олар куратор болып істейді. Мұнымен қоса командамыз жастар арасындағы цифрлік тәуелділіктен арылу, уақытты тиімді өткізу сияқты үлкен мәселелермен айналысып жатыр”, – дейді Гауһар.
Ауыл жайлы
Гауһар Жыланды ауылын – таудың бөктерінде орналасқан жайлы, өмір сүруге, дамуға қолайлы, әрі қолдау табатын мекен ретінде сипаттады. Оның сөзінше, қылмыс деңгейі нөлге тең, дүкендерінде 10 жылдан астам уақыт алкоголь сатылмайды екен, ал ақсақалдар алқасының беделі жоғары.
“Мұндағы халық дамуды, өсуді, білім алуды тұрғылықты қолдайды. Ебін тапқан адамға керемет ауыл”, – дейді ол.
Әубәкірова жергілікті білім беру жайлы да әңгімеледі. Сөзінше, ондағы мектепке еліміздегі ірі білім ордалары қолдау көрсетеді. Бұған қоса, ауылдық мектептің робототехникамен кәсіби түрде айналысады екен.
“Республикалық физико-математикалық мектептің командасын әлемдік чемпионатқа дейін жеткізіп, жүлделі орынға дейін баптаған менторы қазір Жыланды ауылының “Water 7” командасын жинақтап, болашақ инженерлермен жұмыс істеп жатыр. Бұл дарынды балалар Азия чемпионатында қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен. Енді Астанада өтетін 7 мемлекеттен келген 5000-нан астам қатысушының басын біріктіретін ALEM TECH FEST-те бақ сынасады”, – дейді ол.
Сонымен қатар халықаралық робототехника жарысына ауыл атынан 4 жастан 18 жасқа дейінгі 40 оқушы, сондай-ақ балабақша тәрбиеленушілері қатыспақ екен.
Фото: Жеке архив
Елдімекенде мәдениет үйі мен спорт кешені жөндеуден өткен, қазір жұмыс істеп тұр. Спортпен шұғылданатын арнайы уақыт та белгіленіпті.
“Бірнеше аймаққа бөлінген керемет саябақ бар, балаларға арналған ойын алаңы, от жағатын орны, ересектерге арналған алаңы бар. Жақын жерде табиғат аясында да арнайы орындар қарастырылған. Ол жаққа ауыл жанашырлары, мектеп түлектері қосылып демалысқа арналған самалжай, тамақ әзірлейтін орындар ұйымдастырған”, – дейді ол.
Кейіпкеріміз сондай-ақ ауыл тұрғындарының қонақжайлылы мен бір-біріне деген бауырмалдығына ерекше тоқталды. Оның сөзінше, ауылға жүкті кезінде көшкендіктен, көршілері келіншектің жеріктігін байқап, жиі-жиі қонаққа шақырып, үнемі көңілін көтеруге тырысқан. Тіпті перзентханадан шығар сәтте де жанынан табылыпты.
“Ал босану уақытым жақындағанда Үшарал қаласындағы перзентхананы таңдадық. Еш қателеспеппіз, аналарға деген қарым-қатынасы, күтімі, тамағы, барлығы жоғары деңгейде екен. Жол алыстығына байланысты жақындарымыз, туыстарымыз келе алмады. Бірақ жалғызсыратпай перзентханадан “ауыл жанашырлары” болып күтіп алды. Мен үшін өте қымбат, әрі естеқаларлық сәттер осы”, – деді ол.
Фото: Жеке архив
Болашаққа жоспар
Гауһар қалаға қайта қайту туралы сұрақ қойылғанда Жыланды ауылында тұрақтау туралы ниетін жеткізді. Өйткені, айтуынша, ауылдық өмір отбасы мүшелеріне ұнап та, жағып та жатқан көрінеді.
“Қалада туған-туысымыз, жанымызға жақын жандар бар. Ол жақпен байланыс үзілмейді ғой. Бір-екі ай сайын сағынышымызды басуға барып тұрамыз, жұмыс бабымен де барып тұру әзірше жеткілікті”, – деді ол.
Әңгіме соңында кейіпкеріміз бүгінде күйеуі екеуі айналысып жүрген ісі жөнінде де айтып берді. Олар білім саласының майталмандары, ауылға әртүрлі кезеңде жан-жақты көмек көрсетіп жүрген қайраткерлермен сұхбаттасып, подкаст түсіріп жүр екен.
“Мақсатымыз – өз тәжірибеміз жайлы басқа ауылдармен бөлісу, оларға да септігімізді тигізу”, – деп тәмамдады ол.
Айта кетейік, бұған дейін ауылда мал бағып жүріп, ағылшын үйренген 16 жастағы қазақстандық тіл арқылы 6 миллион теңгеге дейін табыс табуға болатынын айтқаны хабарланған еді.