Саран әкімдігі мұз айдынына суды су қоймасынан балығымен бірге алып, қатырып тастаған

Қарағанды облысындағы Саран қаласында орталық мұз айдынына құйылған судың ішінде балық шабақтары қатып қалғаны анықталып, қоғам наразылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарағанды облысындағы Саран қаласының орталығында орналасқан мұз айдыны тұрғындар арасында қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желіде Сұңқар стадионы аумағында құйылған мұздың ішінен қатып қалған балық шабақтары көрінетін видео тарады.
Тұрғындар мұз айдынына құйылған су жақын маңдағы су қоймасынан алынған болуы мүмкін деген болжам айтқан. Алғашында қала әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарғанымен, кейін қайта тексеру жүргізіліп, қате кеткенін мойындады.
Саран қаласы әкімдігінің мәліметінше, мұз айдынын абаттандыру жұмыстарын мердігер ұйым атқарған. Аталған жұмыстар барысында су қоймасынан алынған су пайдаланылғаны белгілі болды. Соның салдарынан суда болған шабақтар мұздың ішінде қатып қалған.
"Тұрғындардың алаңдаушылығын түсінеміз. Алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылданады", – деп хабарлады әкімдік өкілдері.
Қала әкімдігі бұл оқиғадан тиісті қорытынды жасалатынын және мұз айдындарын дайындау кезінде бақылау күшейтілетінін атап өтті.
- Астана маңында жабайы түлкі балықшылардың олжасы салынған арбаны ұрламақ болған
Еске салайық, бұған дейін Астанада элиталық тұрғын үй кешенінің баспалдақтарын мұз басқанын жаздық. Жазба авторының айтуынша, видео “Водно-Зеленый бульвар” тұрғын үй кешенінде түсірілген. Видеодан баспалдақтар, қабырғалар мен кіреберісті мұз басып қалғанын байқауға болады.