Қостанайлық тұрғын мексикалық жасөспірімнің арманын орындады

Мексикалық жасөспірім қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеновтің жанкүйері болып шықты. Ол домбырада ойнауды үйренгісі келетінін айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қостанайлық жазушы Абылай Маудан биылғы көктемнен бері әлемнің түкпір-түкпірінен әлеуметтік желілер арқылы хабарламалар алады. Оған “Дайдидау” атты кітабының жарыққа шығуы себеп болған. Кітапта автор қазақстандық әншінің репертуарындағы осы аттас әннің тарихын төрт тілде баяндайды.
“Бұл кітапты Димаш Құдайбергеновтің туған күніне арнайы жаздым. Ол сұхбаттарында “Дайдидау” әнін бүкіл әлемге танытқысы келетінін жиі айтады. Кітаптың электронды нұсқасы шыққаннан кейін маған әртүрлі елдерден адамдар жаза бастады. Солардың бірі – мексикалық Магда Евангелиста болды. Ол ұлының Димаштың жанкүйері екенін және домбырада ойнауды армандайтынын айтты. Мәдениет басқармасы арқылы демеушілер тауып, домбыраны Рудный қаласынан алдырдық. Музыкалық аспап шетелдегі жасөспірім үшін арнайы сатып алынды”, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Абылай Маудан.
“Алтын домбыра” студиясының директоры Назгүл Дүйсенова домбыраны Мексикаға жіберетінін айтты.
“Магда Евангелиста оны ұлына табыстайды. Ол қазақтың ұлттық аспабын меңгергісі келеді. Біз оған домбырада ойнауды үйрететін ағылшын тіліндегі бейнесабақтарды да дайындадық”, – дейді Назгүл Дүйсенова.
Қазақтың ұлттық музыкалық аспабы мұқият қапталып, Жаңа жыл қарсаңында сыйлық ретінде Мексикаға жөнелтілді.