Алматыда Елдос Қоспаевтан қайтарылған "Никольский" базарын қайтадан заңсыз сатпақ болған

Алматыда мемлекетке тәркіленуге тиіс мүлікті заңсыз иемдену үшін мемлекеттік кадастр жүйесіне жалған дерек енгізгендер сотталды. Құны 2,2 миллиард теңгелік жер мен мүлік мемлекетке қайтарылып, айыптылар 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Коспаевтың басшылығымен әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтаған. Аталған топ "AV-Construction" ЖШС, "Стекольный завод" ЖШС, "Шалқар 17" ЖШС, "Бахар-А" ЖШС және басқа да кәсіпорындарды рейдерлік жолмен басып алу фактілері бойынша әшкереленген.
Соттың шешімімен тәркілеу мақсатында Алматы қаласындағы "Никольский" базары аумағында орналасқан "Nikolsky Investment" ЖШС-не тиесілі жер телімі мен мүлкіне тыйым салынған.
Алайда 2025 жылдың қыркүйек айында Аслан Пухаев, Антон Соловьев пен Жақсылық Сәрсенбаев "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізу арқылы аталған тыйымды заңсыз алып тастауды ұйымдастырған.
Кейін жалпы құны 2,2 миллиард теңге болатын мүлік пен жер телімін әрі қарай сату мақсатында жалған тұлғалардың атына қайта рәсімделген.
Сот кінәлілерге 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді. Мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды. Қаржы мониторингі агенттігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерге заңсыз араласуға байланысты құқыққа қайшы әрекеттер үшін жазаның бұлтартпастығын ескертеді.
Еске салайық, бұған дейін алаяқтар Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобынан тәркіленген базарды шетелдіктерге сатпақ болғанын жазған едік. Қаржы мониторингі агенттігі "AV-Construction" ЖШС, "Шыны зауыты" ЖШС, "Шалқар 17" ЖШС, "Бахар-А" ЖШС және басқа да кәсіпорындарды рейдерлік жолмен басып алды деген күдікке ілінген Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты тың деректерді мәлімдеді. Сот Айдос Қоспаев құрылтайшы болған, "Nikolsky Investment" ЖШС тиесілі Алматы қаласындағы "Никольский" базарының аумағында орналасқан жер учаскесі мен мүлікке тыйым салды.
Халықтан 25 миллиард теңге жинаған "Asar Baspana" қаржылық пирамидасының ісі сотқа жолданды