Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

KEGOC Қазақстан ұлттық электр торабын дамыту бойынша ауқымды жобаларды іске асырып, энергожүйенің сенімді жұмысын қамтамасыз етеді

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің алқа отырысында электр энергетикасы саласының 2025 жылғы жұмысы қорытындыланып, 2026 жылға арналған даму басымдықтары айқындалды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі жүктеменің өсуі жағдайында тұрақты жұмыс істеді. Есепті кезеңде электр энергиясын тұтыну көлемі 3,8%-ға артып, 124,6 млрд кВт/сағ құрады. Электр энергиясын өндіру көлемі 4,4%-ға өсіп, 123,1 млрд кВт/сағ деңгейіне жетті. 18 желтоқсанда тіркелген ең жоғары тұтыну көрсеткіші 17 724 МВт болды. Энергожүйе ең жоғары жүктеме кезеңдерінен сенімді түрде өтіп, ел аумағында тұрақты және үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етті.

Қазақстан ұлттық электр торабы (Қазақстан ҰЭТ) жүйелік операторы ретінде "KEGOC" АҚ энергожүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады. 2025 жылы электр энергиясын жеткізу және ҰЭТ қызметтерін пайдалану көлемі 97 млрд кВт/сағ құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артты. Компания жөндеу науқанын толық көлемде жүзеге асырды: 577 нысанда 3,8 млрд теңге сомасына жұмыстар орындалды. 2025 жылғы 3 қазанда KEGOC 2025–2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық паспортына алып, өндірістік және операциялық сенімділіктің жоғары деңгейін растады. Инвестициялық бағдарлама 99,4 млрд теңге көлемінде іске асырылды, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен екі есе жоғары.

Қазақстан Ұлттық электр торабын ұзақ мерзімді дамыту шеңберінде KEGOC ауқымды инвестициялық бағдарламаны іске асыруда. 2035 жылға дейін кернеуі 220–500 кВ болатын шамамен 7 мың км электр жеткізу желілерін салу, жаңа қосалқы станцияларды пайдалануға беру. Сондай-ақ қолданыстағы 10 500 шақырымнан астам желілерді жаңғырту жоспарланған.

Аймақаралық байланыстарды күшейтуге бағытталған стратегиялық жобалардың маңызы зор. Олардың қатарында "Қазақстан БЭЖ-і Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту" және "Батыс Қазақстан энергожүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру" жобалары бар. Оңтүстік аймақтағы жобаны іске асыру бекітілген кестеден озық қарқынмен жүргізілуде.

Нысандарды пайдалануға беру 2027 жылғы 30 маусымға жоспарланған. Батыс аймақты Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру жобасын аяқтау 2027 жылғы желтоқсанда күтілуде. Аталған екі жоба да желінің өткізу қабілетін едәуір арттыруға және өңірлерді электрмен жабдықтаудың сенімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар KEGOC цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізуде. SCADA/EMS, WAMS/WACS және АРЧМ жүйелерін дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді қолдану энергожүйенің бақылану деңгейін арттыруға, желінің өткізу қабілетін ұлғайтуға, болжау дәлдігін және диспетчерлік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған. 

"KEGOC" АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов:

"Электр энергиясын тұтынудың өсуі және генерация құрылымының өзгеруі Қазақстан Ұлттық электр торабын озық қарқынмен дамытуды талап етеді. KEGOC энергожүйенің сенімділігін, өткізу қабілетін және технологиялық деңгейін арттыруға бағытталған жүйелі жобаларды іске асыруда. Бұл электр энергетикасы саласының тұрақты дамуын және жаңа қуат көздерін, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін интеграциялауды қамтамасыз етеді", – деп атап өтті.

Электр энергиясына сұраныстың артуы және жаңа қуат көздерінің белсенді түрде іске қосылуы кезінде KEGOC Қазақстан энергия жүйесінің сенімді және тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.

STAN.KZ
Жұма, 27 Ақпан, 2026 20:42