Қазақстанға туристер көп келетін елдердің тізімі белгілі болды

Қазақстан 2025 жылдың 9 айында 12 млн-нан астам туристі қабылдады. Ең көп келетін елдер Қытай, Үндістан, Түркия, Германия және Оңтүстік Корея. Қонақтар көбіне Алматы, Астана мен ірі облыстарға саяхаттайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанға туристік мақсатпен 12,1 миллион шетелдік келді. Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 730 мыңға көп. Солардың ішінде 8,6 миллион адам елде бір тәулік немесе одан да ұзақ уақыт тұрған. Осы санаттағы адамдар шетелдік туристерге жатады. Қонақ үйлер, мейман үйлер және басқа орналастыру орындарын шамамен 1 миллион шетелдік пайдаланған. Сонымен қатар ішкі туризм де өсіп жатыр. Осы уақыт аралығында 6,7 миллион қазақстандық қонақ үйлер мен мейманханаларда тоқтаған.
Қай елдерден туристер көп келеді
Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметінің мәліметі бойынша 2025 жылдың 9 айында Қазақстанға 12,1 миллионнан астам шетелдік келген. Былтырғыдан 730 мыңға көп. Әсіресе, ТМД-ға кірмейтін елдерден қызығушылық айқын өскен.
Туристер көп келетін алғашқы 5 ел:
Қытай
Қазақстанға 693 мыңнан астам Қытай азаматы келген. Өсу 42%-ға тең. Сарапшылар бұл визасыз режимімен, жаңа тікелей рейстердің іске қосылуымен және қытай туристік нарығында елдің насихатталуымен байланысты деп санайды.
Үндістан
Қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанға шамамен 113 мың үнді туристі келген. Ал былтыр бұл сан 106 мың болған.
Түркия
Қазақстанға 103 мыңнан астам түрік туристі келген. Туристік ағымды тұрақты авиарейстер, сондай-ақ екі ел арасындағы іскерлік және мәдени байланыстар қолдап отыр.
Германия
2025 жылдың 9 айында Қазақстанға 81 мыңнан астам неміс азаматы келген. Туристерді табиғат, этнотуризм және тарихи-мәдени нысандар қызықтырады.
Оңтүстік Корея
Туристер ағымы 25%-ға өсіп, 41,3 мыңнан асты. Себептері тура рейстердің ашылуы, визасыз режим және Қазақстанның табиғаты, мәдениеті мен ұлттық тағамдарына қызығушылық.
Шетелдіктер қай жаққа барады?
Шетелдік туристер көбінесе мына бағыттар бойынша саяхаттайды:
- Алматы және Алматы облысы;
- Астана және Ақмола облысы;
- Маңғыстау облысы;
- Түркістан облысы;
- Шығыс Қазақстан облысы.
eQonaq жүйесінің мәліметі бойынша, шетелдік қонақтар көбінесе ірі қалалар мен өңірлерде тоқтаған. Топ-7:
- Алматы;
- Астана;
- Атырау облысы;
- Алматы облысы;
- Солтүстік Қазақстан облысы;
- Қостанай облысы;
- Маңғыстау облысы.
- Қазақстан әлемнің ең үздік 100 асханасының қатарына енді
- Алматы әлемдегі ең үздік 25 туристік бағыттың қатарына қосылды
Еске салайық, бұған дейін Алматы CNN-нің ең үздік туристік бағыттары тізіміне кіріп, Booking.com трендтер рейтингіне де енгенін жазған едік. Қаланың туризм департаментінің мәліметінше, екінші тоқсанда 1,1 миллионнан астам турист келді, оның 323,5 мыңы – шетелдіктер. Туризмнің өсуіне жаңа әуе бағыттары, халықаралық турлар мен ірі көрмелердегі B2B-кездесулер әсер еткен.