Қазақстандық жеңіл атлеттер Азия чемпионатында топ жарды

Қытайда өткен жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстанның әйелдер құрамасы 4×400 метрлік эстафетада жоғарғы нәтиже көрсетіп, құрлықтық біріншіліктің жеңімпазы атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған жарыста ел намысын Мария Шувалова, Анна Шумило, Кристина Кондрашова және Аделина Земс абыроймен қорғады.
Финалдық сында қазақстандық спортшылар 3:38.02 уақыт көрсеткішін тіркеп, алаң иелерінен озып шықты. Қытай құрамасы 3:38.29 нәтижесімен күміс жүлдеге ие болды.
6-8 ақпан аралығында өткен Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы жалпы есепте 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль еншіледі. Жалпыкомандалық есепте Қытай 10 алтын, 11 күміс, 13 қоламен көшбастаса, Катар 4 алтынмен екінші орынға жайғасты. Ал Жапония 3 алтын, 6 күміс, 2 қола жүлдемен үздік үштікті түйіндеді. Ал Қазақстан төртінші орынға тұрақтады.
Қазақстан құрамасы сапында төмендегі спортшылар жүлдегер атанды:
Алтын жүлде иегерлері:
• Алина Чистякова (бессайыс)
• Нора Джеруто (3000 метр)
• Әйелдер эстафеталық командасы 4×400 м (Кристина Кондрашова, Мария Шувалова, Анна Шумило, Аделина Земс)
Күміс жүлде:
• Надежда Дубовицкая (биіктікке секіру)
Қола жүлде:
• Нора Джеруто (1500 метр)
• Мария Ефремова (үш қарғып секіру)
• Ерлер эстафеталық командасы 4×400 м (Вячеслав Земс, Мәди Төкенов, Андрей Соколов, Эльнор Мухитдинов)
Сонымен қатар, үш қазақстандық атлет жүлдеге қол созым жерде сүрінд. Олар – Полина Иванова (сырықпен секіру), Аделина Земс (400 метр) және Давид Ефремов (60 метрге кедергілер арқылы жүгіру).
Ұлттық құраманың кеңесші-бапкері Александр Апайчев спортшылардың Азия чемпионатындағы өнеріне жоғары баға беретінін айтуда.
"Атлеттердің көрсеткішіне көңілім толады. Барлығы бар күшін салды. Азия біріншілігіне қатысқан ұлттық құрама мүшелерінің 90 пайызы жеке рекордтарын жаңартты. Сондықтан маусымның бастамасын сәтті деуге толық негіз бар", – деді ол.
Айта кетейік, жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы Азия чемпионатына 24 елдің спортшылары қатысып, өзара мықтыны анықтады.
"Демалысты жақсы өткізген сияқты”: Семейде прокуратура ғимаратының терезесі алдынан ішімдік бөтелкелері байқалды