Қазақстандық төреші Олимпиадада ресейлік спортшының балын негізсіз көтеріп, өз елінің спортшыларына төмен ұпай қойған

Милан-2026 қысқы Олимпиадасы аяқталғанымен, Қазақстан спортында дау басылар емес. Қазақстан атынан барған төреші Надежда Парецкаяның бағалауы жанкүйерлер арасында күмән туғызып, әлеуметтік желіде қызу талқылауға себеп болды. Қолданушылар оның ресейлік спортшыға жоғары, ал қазақстандықтарға төмен ұпай қойғанын айтып, ресми органдардан ашық түсініктеме талап етіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада Қазақстан спорт қоғамында жаңа дауға түрткі болды. Қазақстан атынан барған төреші Надежда Парецкаяның бағалауы жанкүйерлер арасында күмән туғызып, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Жанкүйерлердің айтуынша, Парецкая ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Аделия Петросянның өнеріне шамадан тыс жоғары ұпай беріп, ал қазақстандық спортшыларға қатаң қараған. Әсіресе әйелдер арасындағы жарыстың еркін бағдарламасынан кейін сын күшейді.
Тоғыз төрешінің ішінде Парецкая Петросянға ең жоғары баға қойған жалғыз маман болды, оған 147,04 балл қойған. Оның бағалауы бойынша ресейлік спортшы бағдарламада бірінші орын алар еді. Ал британиялық төреші Ричард Грейндж 136,90 балл қойып, нәтиже бойынша Петросян тек оныншы орынға тұрақтар еді. Дегенмен спортшы 141,64 балл жинап, екі бағдарлама қорытындысы бойынша 214,53 ұпаймен жалпы есепте алтыншы орын алды.
Қысқа бағдарламада Парецкая Петросянды жапониялық Накай мен Сакамотодан кейін үшінші орынға қойған. Ал кейін чемпион атанған Алиса Люді бесінші орынға түсірген, ал жалпы орташа есепте Лю үшінші болған еді. Еркін бағдарламада бұл айырмашылық одан да айқын көрінді. Мәнерлеп сырғанаушы Петросян төрттік секіріс кезінде қатты құлап, бірнеше секірісте алдын ала айналу қателіктерін жібергеніне қарамастан, Парецкая оны бірінші орынға қойды. Мұндай шешім басқа спортшылар да ірі қателік жіберсе түсінікті болар еді. Бірақ үздік қатысушылар өте сенімді өнер көрсетті. Алиса Лю екі бағдарламада да мінсізге жуық сырғанады. Каори Сакамото қуатты өнер көрсетіп, тек бір секіріс комбинациясынан бас тартқаны үшін ғана ұпай жоғалтты. Ами Накай апта ішінде екінші рет өзінің әйгілі үштік акселін орындап, тек комбинацияда шағын қателік жіберді. Моне Чиба барлық қонуын сенімді орындады. Эмбер Гленн Олимпиададағы ең сапалы үштік аксельдердің бірін көрсетіп, сәтті қайтарым жасады.
Ал осы топтағы жалғыз сәтсіздікке ұшыраған спортшы – Петросян болды. Соған қарамастан, Парецкая оны Олимпиада чемпионы деп санады. Жарыс деректері Парецкаяның бағалары орташа нәтижеден едәуір ауытқығанын көрсетті. Ол Петросянның ұпайын орташа көрсеткіштен шамамен 9 балға жоғары қойған. Ал чемпион Людің бағасын шамамен сонша айырмамен төмендеткен.
Парецкаяның жеке қорытынды рейтингі:
Аделия Петросян – 223.27 (+8.74)
Ами Накай – 221.11 (-1.95)
Каори Сакамото – 220.11 (-4.79)
Алиса Лю – 218.25 (-8.54)
Моне Чиба – 215.89 (-1.99)
Анастасия Губанова – 214.29 (+4.3)
Хэин Ли – 211.66 (+1.1)
Ниина Петрокина – 211.22 (+0.4)
Эмбер Гленн – 209.67 (-5.24)
София Самоделькина – 209.10 (+1.64)
Парецкая Петросянның бағасын айтарлықтай көтеріп, ал АҚШ пен Жапонияның басты қарсыластарының ұпайларын салыстырмалы түрде төмен қойған.
Бағдарлама барысында Петросян төрт айналымдық тулупты орындауға тәуекел етіп, қону кезінде құлап қалды. Соған қарамастан ол 3Lz+2T және 3F+3T каскадтарын, сондай-ақ үш сальхов, риттбергер, флип секілді элементтерді таза орындап, техникалық көрсеткіш бойынша 76,93 балл жинады. Ал компоненттер үшін 65,71 балл алып, бұл көрсеткіш финалистер арасында тек 12-орынға сәйкес келді. Осы айырмашылықтар Парецкая қойған жоғары бағаның негізділігіне қатысты сұрақтарды күшейтті.
Фото: Диас Нұрланұлының желідегі парақшасынан
Халықаралық конькишілер одағы (ISU) "бағаларда белгілі бір диапазон болуы қалыпты" екенін және әр элемент бойынша ең жоғары және ең төмен ұпайлар әдетте есептен шығарылатынын айтты. Ұйым нақты төрешіге қатысты пікір білдірмегенімен, бағалау комитеті жарыстардың әділдігін бақылап отыратынын мәлімдеді.
Фото: © РИА Новости / Аделия Петросян
Парецкая Петросянмен қатар грузиялық Анастасия Губанованың ұпайларын да көтергені байқалды. Бұл спортшылардың бәрі Ресей мәнерлеп сырғанау мектебімен байланысты. Сарапшылар мұндай жағдайды бұрынғы кеңестік кеңістіктегі төрешілердің ресейлік немесе сол мектептен шыққан спортшыларға бейім болуы мүмкіндігімен байланыстырады. Кембридж университетінің зерттеулерінде мұндай құбылыс "мұз үстіндегі қырғи-қабақ соғыс" деп аталған. Зерттеулерге сәйкес, “Қырғи-қабақ соғыс” кезеңінде төрешілер өз елінің спортшыларына орта есеппен 2,5 орындық артықшылық берген. Ал 2016-2019 жылдар дерегін талдаған статистик Рик Вурхаар ресейлік төрешілердің 82% жағдайда ресейлік спортшыларға жоғары баға бергенін анықтаған. Сонымен қатар, мұндай ұлттық бейтарапсыздық ірі мәнерлеп сырғанау елдерінің көпшілігінде кездеседі.
Даулы бағалау қазақстандық Софья Самоделкинаға қатысты да айтылды. Жанкүйерлер оның ұпайлары төмен қойылып, соңында спортшы жарысты небәрі 10-орында аяқтады деп санайды. Дәл жағдай әділ төрешілікке күмән келтіргенін әлеуметтік желі қолданушылары ашық жазып жатыр.
Фото: Туризм және спорт министрлігі / Софья Самоделкина
Дау ерлер бәсекесіне де қатысты пікірлерді күшейтті. Қысқа бағдарламада көшбасшылар қатарында болған Михаил Шайдоровты Парецкая жетінші орынға қойған. Соның салдарынан спортшы еркін бағдарлама алдында тәуекелге барып, бес секіру элементін орындауға мәжбүр болды.
Дегенмен желіде төреші бағасына қатысты пікірлер екіге бөлінді. Бірі оны сынаса, енді бірі ұпай айырмашылығы нәтижеге айтарлықтай әсер етпегенін айтады.
"Мынау қыздар жарысына қатысты. Ерлер жағында да осы төреші отырған шығар. Мишаның да бағасын кемітіп тастаған", – деп жазды Диас Нұрланұлы.
"Ұпайларға қараңыздаршы: ол барлық бағдарламада жақсы балл берген, бір бағдарламасында тіпті 70 қойған. Еркін бағдарламада жоғарырақ қойса да, нәтиже ең көбі 1 балға ғана өсер еді", – деп пікір білдірді Бизаева.
Соған қарамастан Шайдоров барлық қысымды еңсеріп, Олимпиада чемпионы атанды. Алайда төрешінің бағасына қатысты сұрақтар бұл жеңістен кейін де басылған жоқ.
"Көптеген әлемдік БАҚ осы масқара әрекет туралы жазып жатыр. Бұл еліміздің және Қазақстан Олимпиада комитетінің беделіне кері әсер етеді. Туризм және спорт министрлігі мен жауапты тұлғалар оның жаттықтырушылық және төрешілік лицензиясын қарастырып, әрекетіне жария баға беруге тиіс", – деп жазды желі қолданушысы.
Әлеуметтік желіде Парецкаяның Алматы қаласы бойынша "Қазақстан конькимен мәнерлеп сырғанау одағы" филиалының жетекшісі екені де айтылып қалды.
Төреші Надежда Парецкаяға қатысты сын алғаш рет айтылып отырған жоқ. 2022 жылы да қазақстандық мәнерлеп сырғанау жарыстарындағы төрешілікке байланысты ата-аналар наразылық білдірген. Мәселен, Алматыда өткен V Спартакиададан кейін спортшы Багдана Рахишованың анасы Александра Пак жарыс қорытындысына күмән келтіріп, төрешілер құрамында өз шәкірттерін бағалаған жаттықтырушылар болғанын, кей спортшыларға элементтер толық орындалмаса да жоғары ұпай берілгенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар жарыс нәтижесінің әділдігіне күмән туғызып, жергілікті төрешілік жүйесіне қатысты сұрақтарды бұрыннан жинақтап келген.
Сол кезде де ата-аналар мен спорт қауымдастығы тарапынан бағалау ашықтығы, халықаралық ережелердің сақталуы және төрешілердің кәсіби жауапкершілігі мәселесі көтерілген. Осы тұрғыдан алғанда, Милан Олимпиадасындағы қазіргі дау жекелеген жағдай емес, қазақстандық мәнерлеп сырғанаудағы төрешілікке қатысты бұрыннан айтылып келе жатқан сынның жалғасы ретінде қарастырылып отыр.
Сонымен қатар жұртшылық тағы неліктен Олимпиадаға төреші ретінде 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Турсынбаева жіберілмегенін айтып шағымданды.
Редакция туындаған мәселеге байланысты туризм және спорт министрлігі, ұлттық олимпиада комитетіне сауал жолдап қойды.
Осы ретте ұлттық олимпиада комитеті Олимпиада ойындарындағы төрешілерді тағайындау мәселесіне қатысты түрлі пікір білдірді.
"Олимпиада ойындарына төрешілерді тағайындау Қазақстан ҰОК құзыретіне жатпайды. Бұл мәселе толықтай халықаралық спорт федерацияларының өкілетінде. Мәнерлеп сырғанауда бұл міндетті International Skating Union (ISU) атқарады, және Олимпиадада жұмыс істейтін мамандар құрамын осы ұйым өзі бекітеді. Үміткерлерді іріктеу кезінде ISU олардың халықаралық төрешілік санатын, кәсіби біліктілігін және ірі халықаралық жарыстардағы тәжірибесін ескереді. Ұлттық олимпиадалық комитеттер бұл үдеріске араласпайды және шешім қабылдауға қатыспайды”, – деді ұлттық олимпиада комитеті.
Олимпиада ойындарында төрешілер ISU ережелеріне сай жұмыс істейтін тәуелсіз техникалық мамандар болады. Олардың қызметі ISU-дың тиісті техникалық комитеттері тарапынан қадағаланып, қатаң талаптармен реттеледі деді комитет.
Қоғамдық келісім құжаты – қостанайлықтар жаңа Конституцияны қолдады