Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы автокөлік нарығы: BYD электромобильдер сатылымы бойынша көш бастады

BYD

Қазақстанда 2025 жылдың қорытындысы бойынша 234 852 жеңіл және коммерциялық көлік сатылған. Соның ішінде елде құрастырылған және қытайлық брендтер алғашқы ондыққа енді. Бұдан бөлек электромобильдер нарығында BYD сатылым деңгейін үш есе арттырып, NEV (жаңа энергияға негізделген көліктер) нарығында көш бастады. 

"Қазақстанның Автокөлік Одағының" дерегіне сәйкес 2025 жылы BYD электромобиль мен гибрид қозғалтқышты көліктер сату бойынша бірінші орынға көтерілді. 2025 жылдың қаңтарында BYD-дің сегменттегі үлесі 0,2% болса, жыл соңында 1,5%-ға жетіп, 3 есе өсім көрсеткен. NEV нарығында аталған брендтің үлесі 76%. 

Ең көп сатылған модельдер BYD Song Plus Dm-I – 1 534 дана. Сондай-ақ нарыққа жаңадан енген BYD Yuan Up қазақстандықтар арасында сұранысқа ие модельдердің қатарына енді, 12 айда 872 данасы сатылған. Ал толық электрлі Song Plus-тің 609 данасы өз иесін тапқан екен. 

Бұған дейін BYD әлемдік электромобильдер нарығында Tesla-ны басып озғаны жайлы жазған едік. Bloomberg басылымы келтірген Tesla-ның ресми деректеріне сәйкес, компанияның электромобиль жеткізілімі 2025 жылдың төртінші тоқсанында 16 пайызға азайып, 418 227 данаға дейін қысқарған. Бұл көрсеткіш тәуелсіз сарапшылар бұрын болжаған мәліметтерден де төмен болып шықты. Ал BYD, керісінше, тоқсандық та, жылдық та сатылымын арттырып, бір жыл ішінде шамамен 2,26 миллион электромобиль жеткізген. Tesla бұл кезеңде 1,64 миллион көлік сатқан.

Алдағы уақытта BYD Қазақстан нарығында Denza брендінің ресми сатылымын бастамақ. Denza көпшілікке Leopard атауымен танылған. Енді 2026 жылы Denza В5 және В8 модельдерін (Leopard 5 пен Leopard 8) көпшілікке таныстырылмақ. 

Назархан Уән
Дүйсенбі, 09 Ақпан, 2026 16:18