Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге арналған жаңа мессенджер іске қосылмақ

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге арналған жаңа мессенджер іске қосылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа мессенджер туралы премьер-министр Олжас Бектенов депутат Екатерина Смышляеваның депуаттық сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Мәжіліс депутаты премьер-министрге мемлекеттік қызметте отандық цифрлық шешімдерге басымдық беру, азаматтардың интернеттегі құқықтарын қорғау және шетелдік платформаларға тәуелділікті азайту мәселелерін көтеріп, депутаттық сауал жолдаған еді.
Бектенов өз жауабында заң талаптарын сақтайтын цифрлық платформалар мен мессенджерлерді пайдалануға ынталандыру және оларды дамыту мақсатында экономикалық және басқарушылық тетіктерді енгізу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ жауапта қазақстандық Aitu мессенджері Цифрлық штабтың шешімімен ұлттық мессенджер ретінде айқындалып, мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы қызметтік коммуникация үшін пайдалануға ұсынылғаны айтылған.
2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды
eGov, Aitu және eOtinish сервистері интернеттің теңгерімі нөл болса да қолжетімді болады
"Мессенджерді пайдалану кезінде мобильді операторлар тарапынан нөлдік тариф белгіленген. Сонымен қатар мемлекеттік органдар үшін қорғалған цифрлық жұмыс ортасын қалыптастыру мақсатында мемлекеттік қызметкерлердің қорғалған қашықтан жұмыс орындарын ұйымдастыруға арналған отандық кешенді технологиялық шешім – Alem GovWorkspace әзірленіп жатыр. Бұл платформа топтық чаттарды, аудио және бейнеқоңырауларды қолдайтын жедел хабар алмасу қызметін қамтиды", – делінген жауапта.
Сонымен қатар премьер-министрдің мәліметінше, "Самұрық-Қазына" қорының еншілес компанияларының Astana Hub АКҚ қатысушыларынан ІТ-қызметтерді басым тәртіппен сатып алу тетігі әзірленуде. Бұл арқылы егер отандық баламалар болған жағдайда шетелдік өнімдер сатып алынбайды.
Еске салсақ, бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек қазақстандық Aitu мессенджерін қолданудан бас тартқан еді.