"Қайталап оқысаңыз да түсініксіз": Ерлан Қарин қолданыстағы Конституцияны сынға алды

Фото: t.me/konstituciyalikreforma
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қолданыстағы Конституцияны сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ерлан Қарин қолданыстағы Конституцияның ішінде түсініксіз баптар мен сөйлемдердің көп екенін алға тартты.
"Алдымен, 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституциядан бір үзінді оқып берейін. Мысалы, қазіргі Ата Заңның 13-бабы 1-тармағында былай деп жазылған: "Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажет қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілмен қорғауға хақылы". Осыдан не түсінуге болады? Оқыған адам да, тыңдаған адам да ештеңе түсінбейді. Бірнеше рет қайталап оқысаңыз да, түсініксіз. Мен қазіргі ескі Конституциядан бір ғана мысал келтіріп отырмын. Ал мұндай түсініксіз сөйлемдерді, ұғынықсыз сөздерді көптеген бап пен тармақтардан кездестіруге болады”, – деді Қарин.
-
Жаңа Конституцияда мәжбүрлі некеден қорғауды бекіту ұсынылды
-
"Қазақша нұсқасын қараңыз": Жаңа Конституция жобасында тегін медицина мен білім "жоғалып" кеткен
Ол жаңа Конституция барлығына түсінікті, жеңіл тілде жазылатынын мәлімдеді.
"Асыра айтқандық емес, бірақ 1995 жылы қабылданған қолданыстағы ескі Конституция мен жаңа Ата Заңның арасындағы мазмұндық, ұстанымдық, мағыналық, жаңашылдық, тілдік, редакциялық тұрғыдан айырмашылық біршама. Жаңа Конституцияны, ондағы жаңа мәтінді жас та, үлкен де түсініп, қабылдай алады", – деді мемлекеттік кеңесші.
Оған қоса, мемлекеттік кеңесші жаңа Конституция қажет екенін, маңызын көпшілік дұрыс қабылдап жатқанын да айтып өтті.
Еске салсақ, осыған дейін депутат Айдос Сарым жаңа Конституция жобасы бірнеше күннің ішінде емес, қыркүйек айынан бастап жарты жыл бойы әзірленгенін айтқан еді.
Микеланджело салған аяқтың суреті аукционда 23 миллион долларға сатылды