"Кәсібилік – сенім негізі": Астанада Дүниежүзілік сайлау күніне орай сайлау жүйесін дамыту мәселелері талқыланды

Астана қаласындағы Достық үйінде "Қазақстан Республикасының сайлау жүйесіндегі кәсібилік пен алқалылық" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан Дүниежүзілік сайлау күні аясында және "Электоралдық қағидаттар - сайлаушы сенімінің негізі" идеологемасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.
Жиынға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының өкілдері, сарапшылық және ғылыми қауымдастық мүшелері, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің жұмысын ашқан модератор - Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бейсембай Жұмабеков сайлау комиссияларын кәсіби негізге көшіру сайлау жүйесінің институционалдық дамуының маңызды кезеңі екенін атап өтті.
"Кәсіби ұйымдастырылған сайлау жүйесі – азаматтардың билік институттарына деген сенімінің берік іргетасы. Біздің жұмысымыздағы алқалылық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, сайлау процесінің әр кезеңінің заңдылығы үшін ұжымдық жауапкершілікті күшейтеді", – деді ол.

Талқылау барысында сайлау комиссияларының кәсібилігі мен институционалдық тұрақтылығы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, заң ғылымдарының докторы Исидор Борчашвили баяндама жасап, 2023 жылдан бастап аумақтық сайлау комиссиялары кәсіби ақылы негізде жұмыс істей бастағанын атап өтті. Бұл өзгеріс ұйымдастыру жұмысының жүйелілігін, сабақтастығын және сапасын арттыруға мүмкіндік берген.
Күн тәртібіндегі жеке бөлім сайлау құқықтарын қорғау және электоралдық рәсімдердің инклюзивтілігін кеңейту мәселелеріне арналды. Қазақстан саңыраулар қоғамының вице-президенті Жангелді Бекбатыров сайлау процесін ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға бейімдеудің маңыздылығын және олардың елдің саяси өміріне белсенді қатысуын арттыру қажеттігін атап өтті.

Жас сайлаушылар клубының мүшесі, Республикалық кәсіпкерлер Лигасының төрағасы Мерхат Жылқыбаев өз кезегінде кәсібилік пен алқалылықты қоғамның сайлауға деген сеніміне тікелей әсер ететін жүйелік қағидаттар ретінде айқындады.
"Сайлау жүйесіндегі алқалылық – бұл формалдылық емес, қателіктер мен субъективті шешімдерден қорғайтын тетік. Комиссия мүшелерінің кәсібилігі дауыс беру күніне дейін-ақ сайлау нәтижелеріне деген сенімді қалыптастырады. Цифрлық дәуір жағдайында қоғаммен, әсіресе жастармен, сауатты, бейтарап әрі түсінікті коммуникация орнату айрықша маңызды", – деді Мерхат Жылқыбаев.
Цифрландыру мәселесін жалғастыра отырып, заманауи коммуникациялық құралдар мен әлеуметтік желілердің құқықтық ағарту мен электоралдық мәдениетті қалыптастырудағы маңызды арнаға айналып келе жатқаны, бұл ретте заңдылық пен саяси бейтараптық қағидаттарын қатаң сақтау қажеттігі атап өтілді.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстанның саяси жаңғыруы сайлау комиссиялары кадрларын жүйелі даярлауды, кәсіби жауапкершілік институтын нығайтуды және қоғаммен ашық диалог стандарттарын дамытуды талап етеді деген ортақ пікірге келді. Учаскелік сайлау комиссиялары мүшелері мен байқаушыларды оқыту жүйесін жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірленді.
"Демалысты жақсы өткізген сияқты”: Семейде прокуратура ғимаратының терезесі алдынан ішімдік бөтелкелері байқалды