11 миллиард теңге жымқырған: ҰҚК Проблемалық кредиттер қорының бұрынғы басшысын ұстады

Қаржы министрлігінің "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Дәулет Бақберген ұсталды. Ол мемлекетке өтуі керек мүліктердің сатылымнан кейінгі ақшасын өзіне алып, 11,4 миллиард теңге залал келтірді деп айыпталуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Проблемалық кредиттер қоры" – Қаржы министрлігіне қарайтын ұйым. Ол банктерден алынған мүліктерді қайта сатып, ақша қайтарумен айналысады.
Қалай жұмыс істейді? Егер кәсіпорын алған қарызын қайтара алмаса, оның зауыты немесе фабрикасы банктің иелігіне өтеді. Кейін ол мүлік Қорға беріледі. Қор нысанды ретке келтіріп, аукцион арқылы сатуы керек. Алайда Қордың жұмысы депутаттар мен сарапшылар тарапынан жиі сынға алынды. Көпшілік: "Балансында осыншама нысан болса да, неге пайдасы аз?" деп таңғалды.
Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы басқарма төрағасы Дәулет Бақбергенді Астанадан ұстап, Алматыға жеткізген.
Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу материалдарына сәйкес, ол мемлекетке өтуі керек кепіл мүлікті сатудан түскен ақшаны заңсыз алған. Нәтижесінде мемлекетке 11,4 миллиард теңге залал келген.
“Бұдан бөлек, ол мемлекеттік мүлікті төмендетілген құнмен сатқан. Осының салдарынан бюджетке 1,3 миллиард теңгеден астам қаражат түспей қалған. Сондай-ақ ол құжаттарды қолдан жасап, кепілге қойылған жер учаскелерін заңсыз сатып алған. Нәтижесінде қорға 800 миллион теңге залал келген, ал борышкер компаниялардың меншік иесі мен оның сыбайластары ұсталды”, – делінген хабарламада.
Соттың санкциясымен олар қылмыстық кодекстің 190 және 361-баптары бойынша қамауға алынып, мүлікке тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.