Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қант диабетімен ауыратын 19 жастағы қазақстандық комиссия шешімімен "емделіп" кеткен: Оны мүгедектігінен айырып тастады

Қант диабетімен ауыратын қазақстандық сараптама комиссиясының шешімімен Фото: Видеодан скрин

15 жасынан 1-типтегі қант диабетімен ауыратын қазақстандық Дамиани Мырзағалиев медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы өзін себебін түсіндірместен мүгедектіктен айырғанын айтып, шағымданды. Ол мемлекет басшысына үндеу жасады.

Дамиани Мырзағалиевтің айтуынша, медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы өзін емделмейтін созылмалы аурудан “құжат бойынша” емдеп, мүгедектікті алып қойған.

“Мен Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа азаматтардың құқықтарының кепілі ретінде үндеу жасаймын. Бүгін ресми түрде маған “енді қант диабетімен” ауырмайтынымды айтты. Мен 19 жастамын, 2015 жылдан бастап бірінші типтегі қант диабетімен ауырамын. Медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясында қайта тексеруден өттім. Менің үшінші топтағы мүгедектігімді алып қойды. “Мүгедектігімді неге алып жатыр?” деген қарапайым сұраққа жауап ала алмадым. Нақты себебі айтылмады: медициналық, құқықтық немесе жазбаша түрде де ештеңе айтылған жоқ. “Егер шешімге келіспесеңіз, үстінен шағымдануға болады” деп қысқа қайырды. Яғни, менің өміріме, денсаулығыма және болашағыма тікелей әсер ететін шешім еш себепсіз, дәлелсіз қабылданды”, – дейді Дамиани.

Қант диабетімен ауыратын қазақстандық сараптама комиссиясының шешімімен Фото: Видеодан скрин

Ол мүгедектіктен айырылған азаматтың нені жоғалтатынын түсіндірді.

“Біреуден мүгедектікті алып қойса ол мемлекеттік қолдаудан айырылады. Бұл әлеуметтік төлемдерді, жеңілдіктер мен кепілдіктерді жоғалтады деген сөз. Олар босқа берілмейді. Қант диабеті – созылмалы ауру. Диабет ешқайда кетпейді, күн сайын инсулин мен қант деңгейін бақылап отыру қажет. Қай күні қандай қауіппен кезігетінім белгісіз. Енді маған “сен саусың ғой, өзің амалын жаса” деп айтты. Бірақ егер маған бір нәрсе болса, есімнен танып қалсам, асқыну болса, қант деңгейі күрт төмендеп кетсе өзім жауапкершілік аламын. Эндокринологтың қорытындысы мынадай “Инсулинге тәуелді қант диабеті, көптеген асқынулары бар. Диабеттік ретинопатия, диабеттік полинейропатия, есінен тану және қант деңгейінің күрт түсіп, көтерілуі”. Ең қорқыныштысы – бірінші типтегі қант диабеті емделмейді. Мүгедектігімді неге алып қойды? Неге маған бұл шешімнің себебін түсіндірмеді? Медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясында шешімді кім қабылдайды”, – деп дал болды қазақстандық.

Осыған байланысты Stan.kz редакциясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдады. Министрліктің мәлімдеуінше, мүгедектікті алып тастау туралы шешім Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларының 2023 жылғы 29 маусымда №260 бұйрықпен қабылданады. Ресми жауапта “Дамиани Мырзағалиевтің 2016 жылы 6 қаңтардан 2024 жылғы 22 желтоқсанға дейін, яғни 18 жасқа толғанға дейін, 1-типті қант диабеті диагнозымен мүгедектігі бар бала ретінде есепте тұрған” делінген. Бұл шешім арнайы қағидаларға сәйкес қабылданған. Себебі ол инсулинге тәуелді және диабеттің асқынулары бар, атап айтқанда көздің зақымдануы, бүйрек пен жүйке жүйесіндегі бастапқы өзгерістер болғандықтан мүгедіктік берілді.

2025 жылы 10 қаңтарда Дамиани Алматы қаласы бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінде қайта тексеруден өткен. Осы тексерудің нәтижесінде қазақстандық бір жыл мерзімге үшінші топтағы мүгедектік қайта белгіленді.

2026 жылғы 26 қаңтарда қазақстандық тағы да тексеруден өтті. Алайда бұл жолы оған мүгедектік берілмеген.

“Қағидалардың 54-тармағына сәйкес, егер адам немесе оның заңды өкілі комиссияның қорытындысымен келіспесе, ол шешім қабылданған күннен бастап үш ай ішінде бұл шешімге шағым түсіруге құқылы. Осыны пайдалана отырып, Дамиани Мырзағалиев мүгедектік берілмеген шешіммен келіспегендіктен, Алматы қаласы бойынша Комитет департаментіне ресми шағым жолдаған. Енді заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес, оның шағымы негізінде әдіснама және бақылау бөлімінде қайта тексеру өткізу жоспарланып отыр”, – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауабында.

Ведомство медициналық-әлеуметтік сараптама кезінде кемінде үш адам шешім қабылдайтынын алға тартты. Олар: бөлім басшысы (немесе оның орнына жауапты басшы) және кемінде екі маман. Комиссия мүшелері не істейді:

  • Ұсынылған барлық медициналық және басқа да құжаттарды қарайды;
  • Адамды бетпе-бет тексереді;
  • Ағза функцияларының қаншалықты бұзылғанын тексереді;
  • Адамның күнделікті өміріне және еңбек ету қабілетіне қаншалықты шектеу барын бағалайды.

Министрліктің берген жауабына сенсек, 18-тармаққа сәйкес, МӘС-тің қорытындысы нақты бекітілген жіктемелер мен қосымшаларға негізделіп шығарылады.
Атап айтқанда:

  • Ағзаның негізгі функцияларының бұзылу деңгейі мен өмір сүру шектеулері арнайы жіктеме бойынша бағаланады;
  • 18 жасқа дейінгі балаларға мүгедектік беру тәртібі бөлек қаралады;
  • 18 жастан асқан адамдарға мүгедектік тобы немесе еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі анықталады;
  • Кейбір қайтымсыз аурулар мен кемістіктер болған жағдайда мүгедектік қайта тексерусіз белгіленуі мүмкін;
  • Кейбір аурулар бойынша мүгедектік 5 жылға дейінгі мерзімге тағайындалады.

Тексеру кезінде мыналар ескеріледі:

  • Адамның өзіне өзі күтім жасай алу қабілеті;
  • Өздігінен жүріп-тұра алу мүмкіндігі;
  • Жұмыс істеу немесе оқу қабілеті;
  • Кеңістікте бағдарлануы;
  • Басқа адамдармен қарым-қатынас жасай алуы;
  • Өз мінез-құлқын бақылауы.

Мүгедектігінен еш себепсіз айырылдым деген Дамиани Мырзағалиев енді қайта тексеруден өтеді. Алайда азаматты мүгедектіктен айыруына нақты не себеп болғанын айтпады.

Еске салайық, бұған дейін Дамиани Мырзағалиев Қазақстанда қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алып тастау туралы шешім мыңдаған адамға шығарылған үкім екенін айтып, шағымданған еді.

Айым Болатқызы
Жұма, 06 Ақпан, 2026 16:25