Бір күнде әкесінен айырылып, кенже бауыры төсекке таңылған қазақстандық жігіт елден көмек сұрады

Әкесінен айырылып, ауыр жол апатынан кейін төсекке таңылған бауырының өмірі үшін күресіп жүрген алматылық Жарас Мәлік Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, қазақстандықтардан көмек сұрады. Оның айтуынша, бірнеше айдан бері ес-түссіз жатқан інісі Мирас қазір Түркияда күрделі ем қабылдап жатыр. Оның сөзінше, бауырының жағдайы Қазақстанда ауруханаларда емдетеміз деп жүріп, уақытты созып алған. Дәрігерлер оң өзгерістер бар екенін айтқанымен, ұзаққа созылатын емнің шығыны отбасының қалтасын көтермейді.
Былтырғы наурыз айы Алматы облысы Ақтам ауылындағы Мәліковтер отбасы үшін ауыр қасіретпен басталды. Сол күні жол апатында бүтін бір отбасы әкелерінен айырылып, ал кенже бауыры есін жимай ауруханаға түсті. Оған ауыр бас-ми жарақаты деген диагноз қойылған. Отбасындағы 5 баланың үлкендері анасына демеу болып, інілерінің өмірін сақтап қалуға бар амалын жасады. Ең үлкен бауыры кінәлілерді жауапқа тарту үшін құзырлы органдарының табанын тоздырса, ал одан кейінгі бауыры Жарас Мәлік үйдегі кенжелерінің еміне қаржы жинауға кірісті.
"Мираспен ара қатынасымыз өте жақсы. Мирас өте ақкөңіл, қамкор, бауырмашыл, еңбекқор. Өзінің әлі ойын баласы екеніне қарамастан жауапкершілікті ала алатын. Әрбір істі сеніп тапсыратынбыз. Ең алғаш жол апатын естіген жағдайда денем суып кетті. Бірақ көндім. Себебі әкемізді тірілте алмайтынымды білдім және алда 250 шақырым жол тұрды. Еш қобалжымай, саспай бауырларымды, отбасымды ауылға жеткізу болды. Көз жасымды қиын болса да тыйып ұстадым. Себебі қарындасым әкеміздің қаза болғанын білмеген еді. Маған ең қиыны Мирастың сол көлікте болғанын және жағдайы өте ауыр екенін естіген кез еді", – дейді Жарас.
Жарастың айтуынша, сол күннен бері әулеттегі барлық отбасы мүшесінің өмірі түбегейлі өзгеріп кеткен.
"Себебі арқа сүйер әке жоқ, жұмысымның бәрін тастап ауылға көшіп келдім. Ойымда тек Мирас. Былтыр 8-19 наурыз аралығында Мирас Шонжы аудандық ауруханасының реанимация бөлімінде жатты. Ол жақта жағдайы өте ауыр болғандықтан, кейін Алматыдағы Өтеген батыр қалалық ауруханасына жеткізілді. Мирас медициналық мекемеде де екі айдан астам уақыт реанимацияда жатты. Шамамен 4-5 айдан кейін ғана палатаға ауыстырылды. Өздігінен дем ала алғанымен, жағдайы тұрақсыз болып, қайта-қайта реанимацияға түсіп отырды. Осы уақыт ішінде қаншама профессор мен дәрігер шақыртылды, алайда олардың бәрі "уақыт керек" деген жауапты созбақтаумен болды", – деп Жарас Мәлік еске алады.
Кішкентай Мирастың диагнозы Қытай, Ресей, Корея және Түркияға жолданғанымен, бірқатар ел "уақыт тым кеш" деген уәжбен емдеуден бас тартқан. Ұзақ күтім мен үмітсіз жауаптардың арасында Мирасты қабылдауға әзір екенін тек Түркия ғана мәлімдеді.
"Сөйтіп, 9 қараша күні отбасы тәуекелге барып, Түркияға аттанды. Қазіргі таңда Мирас сол жақта жүйелі түрде ем алып жатыр. Онда миды ояту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Арнайы препараттар, ток терапиясы, реабилитация, роботтандырылған жаттығулар мен массаж қолданылады. Екі айдан астам уақытқа созылған емнен соң Мирастың денесінде қозғалыс пайда болып, қол-аяғы босай бастады, тырысуы біршама азайды, көзқарасы айқынырақ бола түсті. Осы аралықта бауырым шамамен 9 келі салмақ қосты. Дәрігерлер оның жағдайында алға жылжу бар екенін айтып қуантты", – дейді Жарас Мәлік.
Фото: Stan.kz | Жарас Мәліктің жеке архивінен
Дегенмен мамандар 12 жасар Мирастың мидың оянуы баяу жүретін процесс екенін және оған уақыт қажет екенін ескерткен.
"Емді тоқтатпай, үздіксіз жалғастыру керек екенін айтты. Емнің алғашқы айында Мирасқа жұлын арқылы "бағаналы жасушалар" енгізілді. Дәрігерлер емнің нәтижесі уақыт өте келе байқалатынын жеткізді. Алғашқы 3 айдың өзіне 60 миллионнан теңгеден аса қаржы кетті. Шетелге кетпей тұрып, елдегі бауырлардан көмек қолын жинадық. Бірақ ол қаражат осы кезге дейін ғана жетті. Мұнда ем-дом шаралары өте қымбат екен. Бізге дәрігерлер тағы 40 миллион теңгеден аса қаржы керек екенін айтып, ескертті", – дейді Мирастың ағасы.
Көмек көрсету үшін реквизиттер: 💳 Kaspi Gold: 4400 4303 4006 4689, Halyk: 4003 0351 4139 1875. 📱Телефон нөмірі: Арайлым К. (анасы) +7 702 871 2151, +7 707 529 0082 Жарас (ағасы). Жиналатын сома: 40 миллион теңгеден аса. Instagram: @erkinuly.miras2013.
Жарас Мәліктің айтуынша, Мирастың күнделікті күтімі толықтай медициналық құрылғылар арқылы жүзеге асады. Тағам гастростома арқылы берілсе, тыныс жолы аспирациялық катетермен тазартылады. Жақындары оның жаялығын ауыстырып, аптасына бір-екі рет толық жуындырып отырады. Ағасының пікірінше, Мирас дыбыстарды сезуі мүмкін, алайда бұл әзірге нақты расталмаған.
2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды
"Бізге Мирастың әрбір өзгерісі үміт сыйлайды. Бірақ мен Мирастан үмітімді ешқашан үзген емеспін. Жүрегімде Мирас орнынан тұрады деген сенімділік бар. Мирасты осындай түрде көру бәрімізге оңай соққан жоқ, бірақ көнуден басқа амал жоқ. Бастапқыда анам Мирасты қарай алмады. Себебі Мирастың қиын жағдайда екенін көріп өзінің қан қысымы көтеріліп ауырып, құлап қалды. Сол күннен бастап бастап Мирасты мен өзім қарадым. Біз анамызға барлық жағынан қолдау білдіріп отырамыз. Анамыз үшін бұл жағдай өте ауыр соққы болды. Себебі бір күнде жолдасынан айырылып, баласының қиын жағдайға түскені ана жүрегіне ауыр тиді. Егер мені Мирас естісе мен оған біздің әрқашан бірге екенімізді және оны қатты жақсы көретінімді айтар едім", – дейді Жарас.
Фото: Stan.kz | Жарас Мәліктің жеке архивінен
Түркиядағы емдеуден кейін қазір Мирас оң жақ аяғын қимылдатып бастаған. Алғашқы уақытта науқастың оң жағы мүлдем сезбеген.
"Мирастың сәл ғана реакцияға жауап беруі біз үшін үлкен бақыт. Дәрігерлер інімнің денсаулығында оң нәтиже болатынын және оны байқағанын айтып, оған ұзақ уақыт керек екенін айтты. Қазір отбасымызбен тек Мирасты ойлап, еміне қомақты қаражат жинап жүрміз. Мирас үшін бәріне дайынмын. Бізге қолдау білдірген Қазақстан халқына, туыстарымызға, ауылдастарымызға бәріне отбасымызбен алғысымыз шексіз. Себебі біз мұндай үлкен қаражатты өзіміз жинай алмас едік. Мирастың болашағының жарқын болатынына сенімдімін, себебі Алла тағала үлкен сынақ беріп отыр. Осы сынақты жеңіп шыққан Мирастың болашағы жарқын болады деп сенеміз. Сынақ маған бәрін үйретті. Жауапкершілік алуды, шешім қабылдауды. Басқасын айтып жеткізе алмаймын..." – дейді Жарас Мәлік.