Банк салымы: толық кепілдік бар ма?

Банктер мерзімді және жинақ салымдарды кеңінен насихаттап, қаражатты тартуға күш салуда. Мөлшерлемесі жоғары – кейбір банктер мұндай депозиттерді жылдық 20%-бен қабылдайды, бірақ бұл қаражатқа ерекше көңіл бөлуді және жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Бүгінде салымшылар біртіндеп инвесторларға ұқсап келеді, бірақ олардың қауіпсіздігі басты назарда. Қаражатты банк депозитінде сақтаған жағдайда уайымдауға негіз бар ма? Сарапшылар осы туралы пікір білдірді.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өкілдерінің айтуынша уайымдауға еш негіз жоқ. Өйткені қазіргі уақытта еліміздегі бүкіл банк секторының депозиттік базасындағы шоттардың 99,8 пайызына толық көлемде кепілдік берілген. Бүгін мемлекет халықтың қаражаттарын қалай қорғайтыны жайында баяндаймыз.
Capital Bank, Астана Банкі… және тағы 7 банкті еске аламыз
Түсіндіре кетейік, елімізде 1999 жылдан бері Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры – ҚДКБҚ жұмыс істеп келеді. Ол депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесін іске асырушы жалғыз ұйым. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері – Қазақстан Ұлттық Банкі.
Егер банктердің бірі лицензиясынан айырылса, Қор салымшыларға депозиттерінде, төлем карточкалары мен шоттарындағы жинақ ақшаларын қайтарады, яғни оларға кепілді өтем төлейді.
Мұндай жағдайлар Қазақстанда болған. Ең соңғы «кейс» – Capital Bank Kazakhstan (47 мыңнан астам салымшы), салымшыларының саны бойынша ең ірі банк – «Астана Банкі» (268 мыңнан астам салымшы). ҚДКБҚ заң жүзінде кепілдік берілген өтем сомаларын толығымен қайтарған – барлығы 114 млрд теңгеге кепілді өтем төленді, ал төлем мерзімі 6-8 күнге дейін қысқарды.
Дәл қазір қандай банктер қорғалған?
Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне ислам банктерін қоспағанда, екінші деңгейдегі отандық банктердің барлығы қатысуға міндетті. Салымшылар үшін бұл құқық қазіргі кезде әзірленіп жатқан, банктер туралы жаңа заң қабылданған соң да сақталады. Егер елімізде халықтан салымдар қабылдайтын жаңа банктер немесе шетелдік банктердің филиалдары пайда болса да, депозиттер қорғалады.
Сонымен салымшы банк салымын немесе шотын, банк карточкасын ашқан сәттен бастап, оның қаражаты және алатын пайыздық сыйақысы автоматты түрде Қордың қорғауына алынады.
Салымшыларға өтем төлеуге арналған қаражат қайдан алынады?
Алайда бұл шығындар кімнің есебінен төленеді? Көріп отырғанымыздай, Қазақстанда бұған дейін талай банк жабылған. Ал ҚДКБҚ өзіне тиесілі міндеттемелерді ойдағыдай орындады. Бұл ретте Қор мемлекеттік бюджеттен ақша алмайды және ала алмайды. Егер банк лицензиясынан айырылса, салымшыларға ақшаларын кім қайтарады?
“Салымшылар үшін депозиттер бойынша кепілдік сомалары тек банк секторы есебінен қаржыландырылады. Қор өтем төлеу үшін тұрақты негізде резервке қаражат жинайды. Егер қандай да бір банк лицензиясынан айырылған жағдайда, біз осылайша өзіміздің міндеттемелер бойынша жауап беруге тұрақты дайындықты қамтамасыз етеміз. Бүгінде Қордың арнайы резервінде 1,4 триллионнан астам теңге жинақталған. Оның көлемі еліміздегі кепілдендірілген бүкіл депозиттік базаның көлеміне шамаластырылған және жеткіліктілік талаптарына толығымен сәйкес келеді”, – деп Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының сарапшылары түсініктеме берді.
2026: қандай сомалар қорғалған?
Депозиттер бойынша мемлекет кепілдігі шексіз емес. Кепілді өтем теңгемен төленеді және оның көлемі шектеулі. Бұл ретте оның мөлшері салымның түріне және қандай валютада ашылғанына тікелей байланысты:
- валюталық салымдардың барлық түрі бойынша – 5 миллион теңгеден;
- теңгедегі жинақ салымдардан басқа салымдардың барлық түрі бойынша – 10 миллион теңгеден;
- теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 20 миллион теңгеден асырылмайды.
Егер салымшы бір банкте әрқалай валютада әртүрлі бірнеше салым ашқан болса, банк лицензиясынан айырылған кезде, оның әрбір салым түрі бойынша белгіленген кепілдік сомасы есепке алынады. Сөйтіп салымшыға жиынтық өтем төленеді. Бірақ ол бір салымшыға берілетін ең жоғары өтем сомасы – 20 млн теңгеден асырылмайды (жинақ салымы да бар болса).
Салымшылар сақтандыру жағдайы туындаған жағдайда ақшаларын толығымен алулары үшін Қор оларға қаражаттарын әрбір салым бойынша белгіленген шекті кепілдік сомасын және сыйақы мөлшерін ескере отырып, бір емес, бірнеше банкте әртүрлі салымдарда орналастыруға кеңес береді. «Кепілдік сомалары әрбір банк бойынша бөлек төленеді», – деп атап өтті сарапшылар.
Бүгінде елімізде екінші деңгейдегі 21 банк – депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушылары. Олар салымшыларға депозиттердің көптеген түрлерін ұсынады.
Қандай депозитті таңдаған дұрыс? Сарапшылар қаржыны басқаруға аса байыппен қарауға шақырады
Мерзімсіз, мерзімді және жинақ салымдардың негізгі айырмашылығы – қаражатты мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі. Қаражатқа қолжетімділік неғұрлым қиын болса, табыс соғұрлым жоғары болады: мерзімді және жинақ салымдар көбірек пайда әкеледі, бірақ төзімділік пен жоспарлауды талап етеді. Бастысы мынада, ақша банкте ұзақ жатқан сайын сізге көбірек пайда әкеледі.
“Депозиттерді қолда бар ақшаның көлеміне және алға қойылған мақсатқа қарай таңдап, ақшаны оларға үйлестіріп салған абзал. Яғни, ақшаның бір бөлігі ұзақ мерзімге салынса, бір бөлігі мерзімсіз салымға салынғаны жөн. Бұл күтпеген шығындар туындағанда ұзақ мерзімге ашылған салымды бұзбай, мерзімсіз салымды пайдалануға мүмкіндік береді”, – деп кеңес береді сарапшылар.