Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қолданыстағы Конституция мен жаңа Ата Заңда қандай айырмашылық бар: Талдап көрдік

Конституция туралы сарапшылардың пікрііФото: Stan.kz

Сөз бостандығы, митинг өткізу құқығы және азаматтық алу және қазақ тілінің мәртебесі, тегін білім мен медицина секілді құқықтар жаңа Конституцияда қалай өзгереді? Ұсынылған жобада енді халықаралық құқықтың басымдық алып тасталып, президенттік билікке қатысты жаңа тетіктерді енгізуді қарастырмақ. Stan.kz тілшісі қолданыстағы Конституция мен жаңа Ата Заңды салыстырып, қай баптардың өзгергенін және оған саясаттанушылар қандай баға бергенін талдап көрді.

Қолданыстағы Конституцияның мәтінінде "ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы" еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына адал азаматтық қоғам ретінде сипатталады. Ал жаңа Конституция жобасының преамбуласында "Ұлы дала" ұғымы енгізіліп, құжат "Әділетті Қазақстан" идеясы мен "Заң мен Тәртіп" қағидатына сүйенетіні нақты көрсетілген. Бұл – Ата Заңның бейтарап құқықтық мәтіннен идеологиялық бағдарды ашық жариялайтын құжатқа айналғанын білдіреді.

Фото: Stan.kz

Жаңа 3-бап. Мемлекеттің міндеті

Жаңа Конституция жобасында алғаш рет 3-бап енгізілген. Онда мемлекеттің қызметін айқындайтын негізгі қағидаттар бекітіледі. Атап айтқанда:

  • егемендік пен тәуелсіздікті қорғау;
  • дам құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
  • заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету;
  • халықтың әл-ауқатын арттыру болып отыр.

Сондай-ақ білім, ғылым, инновация және адам капиталы Қазақстанның стратегиялық бағыты ретінде белгіленген.

Фото: Stan.kz

Биліктің бастауы – Халық

Қолданыстағы Конституцияның 3-бабында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық деп көрсетілген. Жаңа Конституцияда бұл норма 4-бапқа көшіріліп, мазмұны кеңейтілген. Онда "Егемендіктің иесі әрі биліктің бастауы – Қазақстан халқы" деп жазылып, "Халық пен мемлекет атынан Қазақстан Республикасының Президенті және Құрылтай әрекет етеді" деген жаңа норма енгізілген.

Фото: Stan.kz

Халықаралық шарт бойынша басымдық жойылды

Қолданыстағы Конституцияның 3-бабында "Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады" деп жазылған. Жаңа Конституцияда бұл норма толық алып тасталып, 5-бапта тек "Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттарды қолдану тәртібі заңдарда айқындалады" деп көрсетіледі. Енді халықаралық құқықтың ішкі заңдардан басымдығын жойып, мемлекеттің егемен шешімін алдыңғы орынға қояды.

Фото: Stan.kz

Тіл саясаты

Қазақстандықтардың назарын аударған мемлекеттік тіл мен орыс тіліге қатысты 7-баптың 9-бапқа өзгеруі. Орыс тілінің мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең қолданылады, бұл өзгеріссіз қалды. Бірақ қазіргі Ата Заңда мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды делінсе, жаңа заң жобасында мемлекеттің біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қолдау көрсететіні жазылған.

Фото: Stan.kz

Дін

Жаңа Конституцияда дінге қатысты жеке 7-бап енгізіледі. Онда:

  1. Дін мемлекеттен бөлек екені;
  2. Діни ұйымдардың қызметі конституциялық құрылыс, адам құқықтары, ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын қорғау мақсатында шектелуі мүмкін екені нақты жазылған.

Фото: Stan.kz

Азаматтықтан айыру

Қолданыстағы 10-бапта азаматтықтың бірыңғай әрі тең екені көрсетілген. Жаңа Конституцияның 12-бабында:

  • қос немесе көп азаматтыққа тікелей тыйым салынған;
  • өзге елдің азаматтығы Қазақстан азаматтығын тоқтатуға негіз болатыны нақты жазылған;
  • азаматтықтан айыру негізі "ұлттық мүдделерге ауыр зиян келтіру" деп нақтыланған.

Бұған қатысты саясаттанушы Евгений Жовтисті жаңа Конституция жобасында сақталып қалған кейбір нормалар қатты таңғалдырған екен. Соның бірі 2017 жылы енгізілген азаматтықтан айыру туралы ереже.

"Үнемі айтып келемін. Азаматтықтан айыру тек адамда басқа азаматтығы болған жағдайда ғана мүмкін. Ал Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынған. Сонда не болады? Сіз адамды қандай да бір “экстремистік” сипаттағы қылмыс үшін соттайсыз да, азаматтығынан айырасыз. Одан кейін ол кім болады? Қайда барады? Ол сол бұрынғы адам, тек азаматтығы жоқ. Азаматтығы жоқ адам сізге не үшін керек? Бір сәтте, тіпті, ондай адамды қабылдайтын жалғыз “мемлекет” бар шығар, ол ИГИЛ. Олар үшін бәрібір, қолында қандай азаматтық болғаны маңызды емес. Ал басқа бірде-бір мемлекетке азаматтығы жоқ адам керек емес, өйткені олардың өз азаматтары жеткілікті", – дейді Евгений Жовтис.

Фото: Stan.kz

Жаңа Конституцияда 16 және 18-баптарға 3-тармақ қосылып, "Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негізі мен құқықтары түсіндірілуге тиіс" деп көрсетілген.

Фото: Stan.kz

Сөз еркіндігі

Қазіргі 20-бапта сөз бостандығына кепілдік беріліп, цензураға тыйым салынған. Жаңа Конституцияның 23-бабында сөз, ғылыми және шығармашылық еркіндік сақталғанымен, ол:

  • басқа адамдардың ар-намысына;
  • азаматтардың денсаулығына;
  • қоғамдық тәртіп пен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге тиіс екені нақты шектелген.

Бейбіт митинг

Қазіргі 32-баптағы митинг өткізу құқығы жаңа Конституцияда 35-бап болып өзгертілген. Онда митинг өткізу құқығы:

  • конституциялық құрылыс негіздерін;
  • ұлттық қауіпсіздікті;
  • қоғамдық тәртіп пен адамгершілік болмысты қорғау мақсатында шектелуі мүмкін деп көрсетіледі.

Бұған қатысты тағы бір саясаттанушы Димаш Әлжанов азаматтардың сөз бостандығы мен саяси құқықтары "қауіпсіздік" пен "құндылық" деген бұлыңғыр ұғымдармен шектелейін деп жатқанын ерекше атап өтті.

"Жаңа Конституция халықты қорғау үшін емес, билікті сақтап қалу үшін жазылған. Демократия билікке шектеу қойылған жерде ғана болады, ал Қазақстанда ол шектеу әлі жоқ. Бұрын халық сөз бостандығы, цензураға тыйым салу, бейбіт митингілерге шығу құқығын Конституцияға сеніп қорғай алса, енді "ұлттық қауіпсіздік", "құндылықтар" деген бұлыңғыр ұғымдар арқылы осы құқықтарды шектеу оңайлай түседі. Әсіресе, журналистер мен белсенді азаматтар үшін үлкен қауіп төндіреді", – дейді Димаш Әлжанов.

Фото: Stan.kz

Президент сайлауы

Қолданыстағы 41-бапта кезектен тыс сайлауды президент тағайындайды. Жаңа Конституцияның 43-бабында президенттің кезекті сайлауы өкілеттік мерзімі аяқталуына екі ай қалғанда өткізілуі және Құрылтай сайлауымен тұспа-тұс келмеуге тиіс екені жазылған.

Фото: Stan.kz

Саясаттанушы Димаш Әлжанов Конституцияның сапасы оның мәтінімен емес, биліктің қалай бөлінгенімен анықталатынын айтады. Оның пікірінше, 1993 жылғы Конституция саяси ымыраға негізделсе, 1995 жылғы Конституция президенттік үстемдікті заңдастыру құралына айналды.

"Ең үлкен сұрақ осы өзгерістер жаңа Конституция ретінде ме, әлде қолданыстағы Конституцияның жаңа редакциясы ретінде қабылдана ма? Егер ертең бұл “жаңа Конституция” деп танылса, онда белгілі бір саяси мүмкіндік терезесі ашылады. Конституциялық сот арқылы президент тарапынан немесе оның айналасындағы топтар 7 жылдық президенттік мерзімді қайта түсіндіру бастамасын көтеруі әбден мүмкін. Сонымен қатар парламенттің өкілеттік мерзімін жаңартып, ал президенттің өкілеттігін сол күйі қалдыру арқылы, іс жүзінде оның билігін ұзарту қаупі де бар. Мұндай тәуекелдер бар, бірақ қазір бұл мәселенің ешқайсысы нақты айқындалған жоқ. Дегенмен біз мұны бұрын да көрдік. Назарбаев кезеңінде бір емес, бірнеше рет", – деп түсіндірді Димаш Әлжанов.

Осы ретте саясаттанушы Данияр Әшімбаев та сайлауды тағайындау өкілеттігін тек Құрылтайға байлап қою саяси-құқықтық тәуекелдер туындататынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жағдайда балама механизм нақты көрсетілмесе, жүйе дағдарысқа тірелуі мүмкін.

"Сондықтан мұны оңайлатып, Құрылтай сайлауды тағайындай алмаған жағдайда бұл міндет Орталық сайлау комиссиясына жүктеледі деп нақты көрсеткен дұрыс. Ал парламент спикерін президенттің ұсынуы туралы нормаға келісуге болады. Бірақ бұл жерде кандидаттың қалай таңдалатыны және ұсыныс қабылданбаған жағдайда парламентті тарату қаупі мәселелері туындайды. Мысалы, Президент спикер лауазымына ең көп дауыс алған партияның депутаттары арасынан кандидат ұсынады деп көрсетуге болады. Ал парламентті тарату туралы норма іс жүзінде жұмыс істемеуі де мүмкін. Егер алдыңғы шақырылым президентпен немесе үкіметпен келіспеушіліктер салдарынан таратылып, келесі шақырылым да сол партиялық құраммен қайта сайланса, онда спикерге келісім алу қиын болады. Ал Парламентті тарату мүмкіндігі болмай қалуы ықтимал", – дейді Данияр Әшімбаев.

Президент жауапкершілігі

Жаңа 48-бапта мемлекетке опасыздық жасауды қоспағанда, президент өз өкілеттігін атқару барысында қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтыны анық жазылған.

Вице-президент не істейді?

Жаңа Конституцияда 49-баппен вице-президент институты енгізіледі. Сөйтіп, вице-президент:

  • Құрылтайдың келісімімен тағайындалады;
  • депутат бола алмайды;
  • партия мүшесі болуға және кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынады;
  • президент тапсырмасымен халықаралық деңгейде ел мүддесін қорғайды. Оған қойылатын талаптар жаңадан қосылған 46, 51, 56 және 94-баптарда нақты жазылған.

Фото: Stan.kz

Осы ретте саясаттанушы Данияр Әшімбаев Конституцияның жаңа жобасын талдай отырып, мәселе атауда да, ұранда да емес, биліктің қалай жұмыс істейтінінде екенін ашық айтады. Оның пікірінше, қазіргі нұсқада президент пен парламент арасындағы қатынас тең емес, ал мұндай теңсіздік елдегі ең өзекті түйткіл экономиканы түзету мен басқару сапасын арттыруға кедергі болып отыр.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Конституция жобасындағы бірқатар нормалар нақтылауды және заманауи талаптарға сай қайта қарауды қажет етеді деп санайды. Оның айтуынша, кейбір баптар құқықтық тұрғыдан да, мазмұндық жағынан да тым жалпылама жазылған.

“33-бап та қайта қарауды талап етеді. Бастауыш және орта білім алудың кепілдігі мен міндеттілігі сақталуға тиіс, алайда білім беру ұйымдарын мемлекеттік және жекеменшік деп бөле көрсету артық. Оның орнына білім беру мен тәрбие процесінің негізгі міндеттері ретінде мемлекеттік стандарттарға сай сапалы білім беру, сыни ойлауды дамыту, құқықтық және экологиялық сананы қалыптастыру нақты көрсетілуі керек", – дейді Данияр Әшімбаев. 

Фото: Stan.kz

Фото: Stan.kz

Бұған қоса, Данияр Әшімбаевтың сөзінше, 34-бапта "Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға, табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға міндетті" деп жазылған. Мұнда мемлекеттік органдарды, компанияларды, сондай-ақ елімізде тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды да қосқан жөн дейді ол. 

Әшімбаевтың айтуынша, елді алға сүйрейтін кез келген реформа ашықтық пен жауапкершілікке сүйенуге тиіс. Ал бұл ең алдымен парламенттік бақылау арқылы іске асады. Сондықтан ол президентке парламентті тарату құқығын тек нақты саяси тығырықтаүкіметке сенімсіздік білдірілгенде немесе негізгі қызметтерге ұсынылған кандидаттар өтпеген жағдайда ғана қалдыру қажет деп санайды. Әйтпесе осы нәрсе парламентке қысым көрсету құралына айналады дедйі ол.

"Мемлекеттік күзет қызметі басшысын құру мен тағайындауды бөлек-бөлек жазудың қажеті шамалы. Өйткені президентке тікелей бағынатын әрі есеп беретін мемлекеттік органдар туралы норма онсыз да бар. Сонымен қатар 2017 жылы таратылған, Үкімет құрамына кірмейтін орталық мемлекеттік органдарды (агенттіктерді) қайта енгізу жөнінде жеке норма қарастыруға болады. Мемлекеттік аудит материалдары мен нормативтік-құқықтық актілердің жобалары толық көлемде жариялануға тиіс. Тек ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысқа қатысты жағдайлар ғана бұған кірмей қалуы керек", – дейді саясаттанушы Данияр Әшімбаев.

Фото: Данияр Әшімбаевтың жеке архивінен

Бұдан бөлек Данияр Әшімбаев әкімдерді тағайындау тәжірибесін негізге алып, спикерлікке екі кандидат ұсынуға да болады деп отыр. 

"Егер спикерге сенімсіздік туындау қаупі болса, оны билік сабақтастығы тізбегінде Премьер-министрмен орын алмастырып қоюға да болады. Сондай-ақ 55-бапта депутаттың коммерциялық ұйымның басқару органына немесе бақылау кеңесіне мүше болуына тыйым салынғаны көрсетілген. Бұл жерде "бақылау кеңесі" деген ұғым артық, өйткені кейбір ұйымдарда директорлар кеңесі және басқа да басқару органдары бар", – дейді саясаттанушы.

Данияр Әшімбаевтың сөзінше, 56-бапта Құрылтай жылына екі рет Жоғары аудиторлық палатаның төрағасының есебін тыңдайтыны көрсетілген. 

"Мұнда есеп беру санына қойылған шектеуді алып тастауға болады. Сонымен бірге Парламенттің заңдардың орындалуына қатысты белгілі бір мәселе бойынша аудит те, прокурорлық тексеру де бастама көтере алатыны, содан кейін сол бойынша есеп тыңдайтыны нақты жазылса дұрыс болар еді", – дейді Данияр Әшімбаев.

“Елді жарлықпен басқару тәсілінің жалғаса бермек”

Ал саясаттанушы Андрей Чеботарев жаңа Конституция жобасын талдай келе, бұл құжаттың ең алдымен азаматтардың құқықтары мен міндеттерін қайта шектеп, қайта реттеуге бағытталғанын көрсетеді. Оның айтуынша, бұрын тек мойындалмаған қос азаматтық енді тікелей тыйым салынатын және тіпті Қазақстан азаматтығынан айыруға негіз болатын нормаға айналып отыр. Мемлекеттің азаматқа деген талапты күшейткенін білдіреді.

"Кез келген кемсітушілікке тек Қазақстан азаматтарына ғана емес, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты да жол берілмейтіні нақтыланды. 2022 жылы енгізілген қылмыстық жазаның ең ауыр түрі – өлім жазасын қолдануға тыйым салу сақталып отыр. Сөз бостандығы мен ақпарат таратуға қатысты шектеулер енгізілді. Бұл шектеулер басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұқпауға, азаматтардың денсаулығын, қоғамның адамгершілік құндылықтарын қорғауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға байланысты. Бұл норма күнделікті өмірде де, әлеуметтік желілерде де адамдар арасындағы қарым-қатынастың мәдениетті болуына оң әсер етеді деп үміттенуге болады", – дейді Андрей Чеботарев.

Андрей Чеботаревтің сөзінше, тыйым салынған насихат түрлерінің (соғыс, қатыгездік пен зорлық-зомбылық культі және т.б.) қатарына арандатушылық әрекеттер мен оған шақырулар қосылды. 

"Сірә, мұндай әрекеттерді жасауға немесе насихаттауға итермелеу туралы болып отыр. Қалай болғанда да, бұл Қылмыстық кодекске тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етеді. Бұдан кейін азаматтардың қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайына, кемсітусіз еңбекақы алуға, әлеуметтік қорғауға және демалуға құқығы енді жай ғана танылып қоймай, тиісті заңдар арқылы мемлекет тарапынан кепілдендірілетін болады", – дейді Андрей Чеботарев.

Бұдан бөлек, Андрей Чеботарев неке ресми түрде ер мен әйелдің ерікті, тең құқықты және мемлекет тіркеген одағы деп танылғанын еске салды.

"Осыған байланысты, біріншіден, ер мен әйел арасындағы өзге қатынастар, соның ішінде діни нормалар мен ғұрыптарға негізделген байланыстар, сондай-ақ бір жынысты адамдар арасындағы қатынастар неке (ерлі-зайыптылық) деп есептелмейді. Екіншіден, некенің еріктілігі әйелдердің, әсіресе кәмелетке толмаған қыздардың мәжбүрлеп тұрмысқа берілетін жағдайлардан қорғалуына қосымша құқықтық кепіл бола алады", – дейді Андрей Чеботарев.

Фото: Андрей Чеботаревтің Facebook-тегі парақшасынан

Андрей Чеботарев құқықтар мен бостандықтарға енгізілген шектеулердің қалай қолданылатынына қоғам ерекше қырағылықпен қарауы керек екенін де ескертеді. Конституцияның тағдырын қағаздағы мәтін емес, оны кім және қалай жүзеге асыратыны шешпек дейді Андрей Чеботарев.

"Вице-президент туралы бап түсініксіз"

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис жаңа Конституция жобасындағы вице-президент қызметінің енгізілуін де күмәнмен қабылдайды. Оның пікірінше, бұл институт билік жүйесіне ешқандай логикалық қажеттілік әкелмейді.

"Тағы бір таңғалдырған норма вице-президент туралы бап. Маған бұл қызметтің өзі түсініксіз. Бізде президент бар ол атқарушы биліктің басшысы болуы керек. Премьер-министр бар. Сонда президентке не үшін орынбасар керек? Вице-президент деген кім? Президент өзіне өзі орынбасар тағайындайды. Мұндай мысалдар бар, әрине. Венесуэла. Ең классикалық үлгі Әзірбайжан. Онда бірнеше вице-президент бар, бірінші вице-президент президенттің әйелі. Өзі тағайындаған. Әрине, “қалыпты” жағдай. Бірақ сұрақ басқа, бұл не үшін керек және кімге қажет?" – дейді Евгений Жовтис.

Евгений Жовтис Конституцияға шетелден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдардың міндеттерін енгізуді селективті тәсіл деп бағалайды.

"Тағы бір мәселе үкіметтік емес ұйымдарға қатысты баптар. Конституцияға шетелден қаржыландырылатын коммерциялық емес ұйымдар ашық әрі мөлдір болуы керек деген талап енгізілді. Бірақ олар қазір жабық па? Жасырын ба? Олар онсыз да барлық салық органдарына, мәдениет және ақпарат министрлігіне есеп тапсырады. Ал мені, мысалы, шетелдік инвестициясы бар мемлекеттік компаниялар әлдеқайда қатты қызықтырады. Түрлі шетелдік құрылымдар Қазақстанда жұмыс істеп жатыр. Неге олар Конституцияда жоқ? Бірақ Конституцияға үкіметтік емес ұйымдарды енгіздік. Таңдау өте қызық", – дейді Евгений Жовтис.

Оның пікірінше, бұл Конституция да уақытша құжат. Саяси жағдай өзгерген кезде, қазіргі билік те кетеді, сонда ғана Қазақстан бір рет болса да нағыз құқықтық, адам құқықтарын шын мәнінде қорғайтын Конституция қабылдай алады. Ал әзірге бұл құжат құқықтық емес, саяси режимнің айнасы ғана.

"Назарбаев кезеңі қайталануы мүмкін"

Димаш Әлжановтың айтуынша, бүгінгі үрдістер өткен саяси кезеңнің айна-қатесіз қайталануы. Мәселе жекелеген тұлғаларда емес, жүйенің өзінде дейді ол.

"Назарбаевтың алғашқы әкімшілігі кезінде Конституция президенттің өкілеттігін кеңейту үшін үнемі өзгертіліп отырды. Бақылау тетіктерін күшейту емес, керісінше, саяси процесті толық басқаруға ыңғайлы сайлау жүйесі жасалды. Қазір де сол үрдіс қайталанып отыр. Айтарлықтай ештеңе өзгерген жоқ. Тек бәрі жаңа ұрандармен, “әділетті Қазақстан”, “заң мен тәртіп” сияқты саяси лозунгтармен ұсынылып отыр. Бірақ олардың нақты құқықтық немесе институционалдық құндылығы жоқ. Мұны жеке президенттің мәселесі деуге болмайды. Бұл авторитарлық жүйенің логикасы. Егер парламентте президентке қарсы салмақ бола алатын шынайы саяси күштер пайда болмаса, осы жағдай екінші президенттен кейін де, үшінші президент кезінде де қайталана береді", – деп түсіндірді Димаш Әлжанов.
STAN.KZ
Жұма, 06 Ақпан, 2026 18:08