Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада 55 жастағы ер адам ауыр халдегі анасын тұншықтырып өлтірген

Фото: depositphotos.com

Астанада ауыр қылмысқа қатысты сот үкімі шықты. Тергеу мәліметінше, 55 жастағы қала тұрғыны ауыр науқастан төсекке таңылған анасын тұншықтырып өлтірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға 2025 жылдың шілде айында Астана қаласында болған. Күдікті жедел жәрдем шақырып, анасының кенеттен жағдайы нашарлағанын айтқан. Дәрігерлер келген кезде қарт әйелдің қайтыс болғанын тіркеді. Марқұмның мойнынан гематомалар анықталып, сот-медициналық сараптама өлімнің тұншығу салдарынан болғанын көрсетті.

Марқұмның ұлы анасының ауруына байланысты өзін ұстай алмай, сүлгіге асылып қалмақ болғанын, ал өзі оны құтқарып үлгергенін айтқан. Алайда көршілері мен таныстары мүлде басқа деректер келтірді. Олардың айтуынша, ер адам еш жерде жұмыс істемеген, анасының зейнетақысымен күн көрген. Ол ішімдікке әуес болған, жиі жанжал шығарып, ауладағы әйелдер мен балаларға күш көрсеткен.

Сондай-ақ ер адам төсек тартып жатқан анасын да ұдайы ұрып-соққаны белгілі болған.

"Жиналған айғақтар мен сараптама қорытындылары негізінде сот ер адамды қасақана кісі өлтірді деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ", – делінген хабарламада.



Еске салайық, бұған ұқсас жағдай былтыр Түркістан облысында да тіркелген. Елді дүр сілкіндірген бейнежазбаларда ересек ер адамның қарт әкесін аяусыз ұрып-соққаны көрінген. Қайғылы оқиға әкенің қаза болуымен аяқталған. Биыл қаңтар айында сот ол ер адамды азаптау дерегі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырған еді.

Айым Атамбаева
Жұма, 06 Ақпан, 2026 09:45