Алматы тауларында жоғалып кеткен екі жігіттің денесі табылды

Фото: Ершат Аязбаев
Алматы тауларында жоғалып кеткен қалған екі жігіттің денесі табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны кәсіби альпинист Ершат Аязбаев жеке парақшасында мәлімдеді.
“Таудан жағымсыз хабар. Жас өмір күш-қуат пен мән іздейтін жерде қыршыннан қиылды. Жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Мұндай қайғыны еңсеруге күш-қуат берсін. Таулар әдемі, бірақ олар қателікті кешірмейді”, – деді ол.
Алматы қаласының Медеу ауданында жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Теңіз деңгейінен шамамен 3700 метр биіктікте орналасқан “Локомотив” шыңы маңынан құтқарушылар екі адамның мәйіттерін тапты. Бұған дейін осы топтың тағы бір адамның қаза тапқан еді. Оқиға салдарынан жалпы үш адам көз жұмды.
“Хабар түскен сәттен бастап “Мыңжылқы” бөгеті ауданында жедел штаб құрылды. Іздестіру жұмыстарына Алматы қаласы ТЖД бөлімшелері, құтқару қызметі, ҚР ТЖМ РЖҚЖ, полиция, Альпинизм федерациясы және еріктілер жұмылдырылды. Іздестіру-құтқару операциясына ТЖМ “Қазавиақұтқару” тікұшағы тартылды. Жалпы іздестіру-құтқару жұмыстарына шамамен 80 адам, 12 техника бірлігі, 4 кинологиялық есептоп және 4 ұшқышсыз ұшу аппараты қатысты. Жұмыстар биік таулы күрделі жағдайларда жүргізілді және төмен температура, сирек ауа, көшкін қаупі мен күрделі жер бедері авиацияны қолдануды шектеп, іздеу топтарының қозғалысын баяулатты”, – деп мәлімдеді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті
Құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарын, металл іздегіштерді, іздеу зондтарын және шанц құралдарын қолданды. Қолайсыз ауа райына байланысты қаза болғандардың денелері жаяу тәртіппен “Медео” құтқару бекетіне дейін жеткізілді. Марқұмдардың денелері полиция қызметкерлеріне тапсырылып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Туыстарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі таулы аймақтарға шыққан кезде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды. Тауға шығар алдында ауа райы мен көшкін жағдайын ескеріп, тауға жалғыз шықпау, жақындарыңызды маршрут пен қайту уақыты туралы алдын ала хабардар ету, өзіңізбен бірге байланыс құралдары мен қажетті жабдықтарды алып жүру қажет.
Егер адам белгіленген уақытта оралмаса немесе байланысқа шықпай қалса, 112 нөмірі бойынша құтқару қызметіне дереу хабарласу қажет.
Stan.kz тілшісі төтенше жағдайлар департаментінен пікір сұрады. Әзірге жауап берілген жоқ.
Еске салсақ, 20 желтоқсанда Алматы тауларында жоғалып кеткен 18 жастағы қыздың мәйіті табылған еді. 26-сы үш жігіттің бірінің денесін тапты.