Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы соты "Хоргос ісі" бойынша Қожамжаровтың командасында болған бұрынғы тергеушіні кінәлі деп таныды

Жандос Арып пен ҚожамжаровФото: Elmedia 

Алматы қаласының соты экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінің бұрынғы тергеушісі Жандос Арыпты "Хоргос ісіне" қатысты дәлелдемелерді қолдан жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Elmedia порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 2011-2012 жылдардағы жағдайларға қатысты. Сол кезеңде қаржы полициясының тергеушісі болған Жандос Арып Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды қызметкерлері Талғат Жақаев пен Ирлан Абдрахмановқа қатысты материалдар жинаған. Тергеу нұсқасы бойынша олар "ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы" деп көрсетілген кәсіпкер Талғат Қайырбаевпен байланыста болған деп айыпталған.

Тергеу барысында Алматыдағы мейрамханалардың бірінде түсірілген бейнежазбалар дәлел ретінде ұсынылған. Тергеу органдары жазбаларда кәсіпкердің Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерімен кездесуі бейнеленгенін алға тартқан. Алайда кейін бейнекадрларда мүлде басқа адамдардың түсірілгені анықталып, олар мұны өздері де растаған. Сонымен қатар биллинг деректері мен іссапар құжаттары Талғат Жақаев пен Ирлан Абдрахмановтың көрсетілген кезеңде Алматыда болмағанын дәлелдеген.

Соған қарамастан тергеу органдары өз ұстанымынан бас тартпаған. "Контрабандистердің ҰҚК қызметкерлерімен байланысы бар" деген ақпарат елдің жоғары басшылығына жеткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланған. Осылай Ұлттық қауіпсіздік комитеті офицерлерінің ұсталып, қамауға алынуына негіз болған. Олардың қамауда ұстау мерзімі сот шешімдерімен бірнеше мәрте ұзартылған.

2023 жылы Бас прокуратура жанындағы ведомствоаралық тергеу-жедел тобы дәлелдемелерді қолдан жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. 2025 жылдың басында іс сотқа жолданғанымен, анықталған процессуалдық заңбұзушылықтарға байланысты қосымша тергеуге қайтарылған. Кейін іс қайтадан сотқа түсіп, кейін айыптау үкімі шығарылды.

Алайда Жандос Арып нақты жазаға тартылған жоқ, тек қылмыстық іс ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылды. Басылым үкімді "Хоргос ісі" аясындағы кеңірек процестермен байланыстырады. Басылымның пайымдауынша, дәлелдемелерді қолдан жасау және заңсыз тергеу әдістеріне қатысты бұрын шығарылған сот шешімдері біртіндеп сол кездегі агенттік басшылығына алып келуі мүмкін.

Атап айтқанда, басылым Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровты сол кезеңдегі ауқымды тергеудің негізгі бенефициары ретінде атайды. Редакция мәліметінше, "Хоргос ісі" бойынша тергеу стратегиясы дәл оның басшылығы кезінде қалыптасып, іске асқан.

Редакция пікірінше, бұрынғы қаржы полициясы қызметкерлеріне қатысты шығарылған үкімдер мен қазіргі сот шешімі аталған іске байланысты барлық қылмыстық істерді қайта қарауға құқықтық негіз қалыптастыруы мүмкін.

"Жалпы алғанда, бүгінгі үкімді әділдікке жылдар бойы қол жеткізуді мақсат еткен жандар үшін жаман емес жаңа жылдық тарту деуге болады. Ал сізді, Қайрат Пернешұлы, келе жатқан мерекеңізбен! Келе жатқан қылмыстық қудалауыңызбен", – деп жазады басылым.



Еске салайық, бұған дейін экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 29 Желтоқсан, 2025 16:53