Алматы облысында үйдің аумағына таудан топырақ сырғып кеткен

Видеодан скриншот
Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы коттедж қалашығы аумағында топырақ өздігінен сырғығаны туралы мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ТЖД мәліметінше, 7-8 ақпанда қар түріндегі жауын-шашынмен қатар келген тұрақсыз ауа райы жағдайы салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, бұл тау баурайынан топырақ массасының өздігінен сырғуына әкелді.
“Оқиға салдарынан жеке тұрғын үй аумағындағы навес пен жеңіл автокөлік зақымданды. Тұрғын үйлерге және олардың көтергіш конструкцияларына зақым келтірілген жоқ. Зардап шеккендер мен адам шығыны жоқ. Жағдай Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында. Оқиға орнында облыстық департамент басшылығы мен жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және аумақты жарықтандыру үшін жарық мұнарасы орнатылды”, – делінген хабарламада.
Жақын маңдағы үйлердің тұрғындарымен қауіпсіздік шараларын сақтау және ықтимал қайталанатын табиғи құбылыстар кезінде әрекет ету бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Салдарын жою жұмыстарына Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, полиция департаментінің және ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" қызметінің шамамен 20 жеке құрамы мен 9 бірлік техникасы жұмылдырылды.
Қазақстандық зейнеткер алаяқтарға 10 миллион теңгеден астам ақша аударып жіберген