Қазақ футболының жаңа дәуірі, тарихи жүлделер, XXI ғасырдағы алғашқы алтын: 2025 жыл ел спорты қандай жетістікке жетті?
2025 жыл Қазақстан спорты үшін табысты да жемісті кезең болды. Мұндай тұжырым жасауға толық негіз бар. Өйткені бұл жыл отандық спортшыларымыз үшін “тұңғыш” деген ұғыммен тікелей байланысты тарихи жетістіктер мен сенсациялық нәтижелерге толы айтулы жыл ретінде есте қалды. Осы тұста Stan.kz тілшісі спортшылардың жыл бойығы табыстары мен елеулі оқиғаларына шолу жасады.

Шорт-тректегі тарихи жүлде және Қазақстан тарихындағы ең нашар Қысқы Азия ойындары
Қытайдың Харбин қаласында өткен Қысқы Азия ойындарында қазақстандық шорт-трекшілер тарихи жетістікке қол жеткізді. Ерлер арасындағы шорт-трек эстафетасында Қазақстан құрамасы финалда азулы Жапония мен Қытай командаларын артта қалдырды. Нәтижесінде отандастарымыз шорт-тректен Қазақстан тарихында алғаш рет Азия ойындарының алтын медалін жеңіп алды.
Сондай-ақ фристайлдағы синхронды секіру сайысында Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов жеңіс тұғырынан көрінді. Хоккейден ерлер құрамасы бес дүркін Азия чемпионы атанса, әйелдер құрамасы өз тарихында алғаш рет күміс жүлдені еншіледі. Алайда бұл Азия ойындарында Қазақстан тарихындағы ең төменгі нәтиже тіркелді. Айтулы додада нәбәрі қоржынымызға 4 алтын, 9 күміс, 7 қола түсті.
Бұған дейінгі Азия ойындарындағы ұлттық құраманың нәтижесі:
- 1996 жыл: 14 алтын, 9 күміс, 8 қола медаль – жалпыкомандалық есепте 2-орын
- 1999 жыл: 10 алтын, 8 күміс, 7 қола – 3-орын
- 2003 жыл: 7 алтын, 7 күміс, 6 қола – 4-орын
- 2007 жыл: 6 алтын, 6 күміс, 6 қола – 4-орын
- 2011 жыл: 32 алтын, 21 күміс, 17 қола –1-орын
- 2017 жыл: 9 алтын, 11 күміс, 12 қола – 4-орын
Енді екі айдан Миланда Қысқы Олимпиада ойындары жалауын көтереді.
Фото:ҰОК
Көркем гимнастикадан әлем чемпионатындағы алғашқы алтын жүлде
Гимнаст Ақмарал Ерекешева Болгарияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тарихи нәтиже тіркеді. Қазақстандық спортшы үш мәрте финалға бірінші орынмен жолдама алып, нәтижесінде екі жүлдеге ие болды.
Доппен көрсеткен өнері үшін Ақмарал Ерекешева 26,150 ұпай жинап, әлем чемпионы атанды. Осылайша, ел тарихында алғаш рет қазақстандық гимнаст қыз жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Фото:ҰОК
Сербия әйелдер арасындағы әлем чемпионаты
Наурыз айында Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатында Назым Қызайбай топ жарып, үш дүркін әлем чемпионы атанды. Ол Қазақстан тарихында әлем біріншілігінің алтын медалін үш рет иеленген алғашқы боксшы болды. Айта кетері, мұндай жетістік әзірге ерлер боксында да тіркелмеген. Аталған додада Алуа Балқыбекова мен Аида Әбікеева да чемпиондық атаққа қол жеткізді. Алуа бұл жеңісінің арқасында әлем чемпионатындағы жүлделердің толық жиынтығын (алтын, күміс, қола) еншіледі. Ал Аида Әбікеева Қарағандыдан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихқа енді. Сонымен қатар +81 келіде өнер көрсеткен Елана Тәліпова мен 60 келіде Виктория Графеева күміс жүлдеге ие болса, Наталья Богданова қола медаль жеңіп алды. World Boxing ұйымы өткізген әлем чемпионатында да қазақстандық қыздар кезекті мәрте сәтті өнер көрсетті. Англияда өткен жарыста Назым Қызайбай күміс жүлдемен шектелді. Ал Аида Әбікеева мен Алуа Балқыбекова екі дүркін әлем чемпионы атанды. Наталья Богданова алғаш рет әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алса, Виктория Графеева қола жүлде иеленді. Бұл нәтижелер Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есепте көш бастауына айтарлықтай үлес қосты.
Фото:ҚБФ
Қазақ қызы алғаш рет дзюдодан әлем чемпионатының финалына шықты
Қазақстандық дзюдошылар 2025 жылғы халықаралық жарыстарда қандай нәтиже тіркеді?
Татами шеберлері әлем және Азия чемпионаттарында, сондай-ақ Grand Slam және Grand Prix турнирлерінде барлығы 19 жүлдеге қол жеткізді. Атап айтқанда, әлем чемпионатында бір күміс медаль иеленсе, Азия чемпионатында төрт қола жүлде еншіледі. Әлемдік Grand Slam турнирлерінде 3 күміс және 10 қола медаль жеңіп алды. Ал Grand Prix жарыстарында бір алтын медаль қоржынға түсті. Жылдың басты додасы әлем чемпионатында Әбиба Абужақынова финалға шықты. Нәтижесінде Әбиба дзюдодан әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы қазақ қызы атанды. Сондай-ақ ол 2025 жылғы маусымда әлемдік турнирлерде алтын медаль иеленген жалғыз қазақстандық дзюдошы. Бұл жеңіске ол Аустрияда өткен Grand Prix жарысында жетті.
Маусым барысында жүлдеге іліккен спортшылар қатарында Әбиба Абужақыновамен бірге Ерасыл Қажыбаев, Абылайхан Жұбаназар, Талғат Орынбасар, Ғұсман Қырғызбаев, Мағжан Шамшадин, Аман Бақытжан, Есет Қуанов, Марат Байкамуров, Бақжан Байтас, сондай-ақ Азия чемпионатының жүлдегерлері Ғалия Тыныбаева, Бақыт Құссақбаева, Шерзод Давлатов және Максим Мейірлан бар.
Фото:IJF
"Қайрат” клубы тұңғыш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды
Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің плей-офф кезеңінде Алматының “Қайрат” клубы жеңіске жетіп топтық кезеңге жолдама алды. Селтикке қарсы Алматыдағы қарымта матч пенельти сериясына жалғасты. 11 метрлік айып добында қақпашы Темірлан Анарбеков үш бірдей соққыны қайтарып, командасын жалпы кезеңге алып шықты. Осылайша, Рафаэль Уразбахтин шәкірттері тарих жасап, Чемпиондар лигасының үздік клубтарымен бірге ойнауға мүмкіндік алды. Чемпиондар лигасының жалпы кезеңде “Қайрат” “Интерге” қарсы терезесі тең ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық ықласында бөленді. Енді алдағы уақытта тағы бір атақты клуб “Арсеналға” қарсы сырт алаңда ойнайды.
Фото:”Қайрат” фк
Дастан Сәтпаев атақты “Челси” клубына шақырту алды
“Қайрат” клубының шабуылшысы небәрі 16 жастағы Дастан Сәтпаев Англияның атақты “Челси” командасына шақырту алды. Сонымен қатар Чемпиондар лигасының жалпы кезеңде “Копенгаген” қақпасына гол соқты. Нәтижесінде Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде гол соққан тұңғыш қазақ футболшысы атанды. Осылайша ол Чемпиондар лигасы тарихында гол соққан ең жас үш ойыншының қатарына кірді. Ал Қазақстан құрама сапында әлем чемптонатының іріктеу кезеңінде Бельгияға қарсы матчта гол соғып, ұлттық құрама рекордтын жаңартты. Бұған дейін бұл рекорд Еркебұлан Сейдахметке тиесілі болған.
Фото:”Қайрат” фк
Алматыға “Реал Мадридтің” келуі, Мбаппе және Мбөпе арасындағы тартыс
“Қайрат” футбол клубы Еуропадағы ең атақты клубтардың бірі, Чемпиондар лигасының рекордтық иегері “Реал Мадридтке” қарсы Алматы баурайында ойнады. Бұған қоса 18 жастағы жас қақпашы Шерхан Қалмұрза дәл осы азулы командамен ойында қақпаны қорғады. Сондай-ақ Шерхан Қалмұрза “Спортингке” қарсы ойында тарихи белесті бағындырды. Ол Чемпиондар лигасының жылнамасына енді. Осылайша ол – турнир тарихында он сегіз жасқа жетпей-ақ 11 метрлік соққыны қайтарған ең жас голкипер атанды. Сонымен қатар Лигадағы ең жас қақпашылардың үздік үштігіне енді.
Фото:”Қайрат” фк
Ел боксы тарихындағы тұңғыш ағайынды чемпиондар
2025 жылы бокстан екі бірдей әлем чемпионаты өтті. World Boxing ұйымы ұйымдастырған тұңғыш біріншілікте Қазақстан құрамасы жеті алтынмен жалпы есепте топ жарды. Ерлер арасында Санжар Тәшкенбай, Айбек Оралбай чемпион атанды. Ал ағайыды Махмұд пен Төрехан қазақ спорты тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Екеуі әлем біріншілігінде қатарынан алтын медаль жеңіп алып, әлемдік әуесқой бокстың тарихына есімдерін алтын әріппен жазды. Бір үйден екі бірдей әлем чемпионы шықты.
Желтоқсанда Дубайда өткен IBA ұйымдастырған әлем чемпионатында да отандастарымыз 3 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдемен екінші орын алды. Яғни Сәкен Бибосынов екі дүркін чемпион атағына қол жеткізсе, бұған дейін үш рет қола жүлдегер болған Абылайхан Жүсіпов тұңғыш рет әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Бұдан бөлек Оразбек Асылқұлов алғаш рет әлем біріншілігінде топ жарды. Ал Сабыржан Аққалықов күміс жүлдені қанағат тұтты. Теміртіс Жүсіпов пен Ертуған Зейнуллинов үздік үштікті түйіндеді.
Фото:World boxing
ХХІ ғасырдағы тұңғыш алтын
Грек-рим күресінен Загребте өткен әлем чемпионатында 29 жастағы Айдос Сұлтанғали 60 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды. Ол финалда өзбекстандық Алишер Ғаниевті 9:0 есебімен айқын жеңді. Бұл – Қазақстан үшін грек-рим күресі бойынша әлем чемпионатындағы соңғы 26 жылдағы алғашқы “алтын”. Соңғы жеңіс 1999 жылы тіркелген еді, ол кезде жеңімпаз атанған Мхитар Манукян. Айдос бұған дейінгі екі әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанған. 2018 жылы Будапештте және 2022 жылы Белградта өткен додада үшінші орынмен шектелген.
Фото:UWW
Тарихта алғаш рет қазақ футболшысы Чемпиондар лигасының үздік ойыншысы атанды
Чемпиондар лигасының алтыншы турындағы “Қайрат” пен “Олимпиакос” ойынында Темірлан Анарбеков матчтың басты қаһарманына айналды. Ол ойын барысында қарсыластың қауіпті соққыларын қайтарып, “Қайраттың” қақпасын талай голдан аман сақтап қалды. Нәтижесінде Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының үздік (MVP) ойыншысы атанды. Тарихта алғаш рет қазақ футболшысы Чемпиондар лигасында мұндай атаққа ие болды.
Фото:”Қайрат” фк
Геннадий Головкин әлемдік даңқ залына енді
Қазақ боксының аңыз тұлғасы Геннадий Головкин 2025 жылдың қараша айында World Boxing ұйымының президенті болып сайланды. Осылайша ол халықаралық спорт федерациясын басқарған алғашқы қазақстандық атанды.
Сонымен бірге Геннадий Головкин ресми түрде Халықаралық бокс Даңқ залына (International Boxing Hall of Fame) енді. Ол бұл мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық атанды. IBHOF жыл сайын әлемдік боксқа елеулі үлес қосқан спортшыларды марапаттайды. Ал Головкиннің есімі ең ұлы боксшылардың қатарынан орын тапты.
Фото: ҰОК
Қазақстандық киберспортшының халықаралық аренадағы жарқын жетістігі
2025 жыл қазақстандық киберспорт үшін есте қаларлық әрі тарихи жыл болды. Осы жылдың басты қаһармандарының бірі 20 жастағы қазақстандық киберспортшы Данил Голубенко. Семей қаласының тумасы жыл бойы халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, әлем назарын Қазақстанға аудартты.
Жылдың ең ірі жетістігі Қытайда өткен IEM Chengdu халықаралық турнирімен байланысты. Аталған додада Данил қарсыластарынан оқ бойы озып, чемпион атанып қана қоймай, 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жүлдені иеленді. Сонымен қатар, ол турнир барысында көрсеткен жоғары шеберлігі үшін ең үздік ойыншы (MVP) атағына лайық деп танылды. Данил қыркүйек айында өткен Fissure Playground 2 турнирінде де Данил чемпион атанып, MVP атағын жеңіп алған еді. Осылайша, ол бір жыл ішінде екі ірі халықаралық турнирде қатарынан MVP атанған санаулы киберспортшылардың қатарына қосылды. Мұндай жетістік киберспорт әлемінде өте сирек кездесетін жағдай.
Фото:HTML
Елена Рыбакинаның үздіктер қатарына қайта оралуы
Елена Рыбакина Рыбакина Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен WTA маусымдық финалының шешуші ойынында әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкоға (Беларусь) қарсы матч өткізіп, чемпион атанды. Ол бұл жеңісі үшін 5 миллион доллар (2,6 миллиард теңге) табыс тапты. Бұл әйелдер теннисі тарихындағы рекордтық сыйақы. Нәтижесінде 1500 ұпай жинап, рейтингте үздік бестіктер қатарына қосылды.
Фото:WTA
Қазақстан тарихында тұңғыш рет таеквондадан әлем чемпионы шықты
Таеквондодан Кенияны Найроби қаласында 21 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған бұл додада 87 келіде Бейбарыс Қабылан мен Батырхан Төлеуғали топ жарды. Қазақстан тарихында тұңғыш рет таеквондадан екі бірдей әлем чемпионы шықты.
Фото: Stan.kz
Жәнібек Әлімханұлы допинг дауы
Әлемдік кәсіпқой бокстың жұлдызы Жәнібек Әлімханұлы сәуір айында Астанада алғаш рет кәсіпқой бокс кешін өткізіп, жанкүйерлерге тартысты жекпе-жектер сыйлады. Бұл кеш отандық кәсіпқой бокстың дамуына серпін берген маңызды оқиғалардың бірі болды.
Жыл соңында Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-та кубалық тәжірибелі боксшы Эрисланди Ларамен үш чемпиондық белбеуді біріктіру мақсатындағы жекпе-жек өткізуді жоспарлаған еді. Алайда допинг сынамасынан мельдоний анықталып, айқас өтпей қалды. Боксшының өзі ешқандай ереже бұзбағанын мәлімдеп, В сынамасын ашуды талап етті. Бұл даулы жағдайдың нақты шешімі қаңтар айында анықталады.
Фото: Спортшының жеке парақшасынаншасынан